Астанада 2026 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру жалғасуда. Бағдарлама аясында қала тұрғындары өз аулаларын абаттандыруға, қоғамдық кеңістіктерді жаңартуға бағытталған жобаларын ұсына алады. Қазіргі уақытта аудан әкімдіктерінде өтінім қабылдау басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Астана әкімдігіне сілтеме жасап.
Жоба азаматтардың бастамаларын қолдауға бағытталған және аулаларды жөндеу, гүлзарлар мен саябақтар салу, қоғамдық орындарды жақсарту сияқты ұсыныстарды қамтиды. Бағдарлама 7 кезеңнен тұрады: өтінім қабылдау, талдау, дауыс беру, қорытынды шығару және жобаларды іске асыру.
Аудандар бойынша ақпарат:
Байқоңыр ауданы:
Өтінімдер 1 наурызға дейін www.baikonyr-astana.kz сайтындағы «Халық қатысатын бюджет-2025» бөлімінде қабылданады. Өтінімде жоба сипаттамасы, эскиз, шамаланған смета және фотосуреттер болуы тиіс.
Алматы ауданы:
Өтінім қабылдау 5 қаңтарда аяқталды. Қазіргі уақытта жобалар тексерілуде. Дауыс беру 25 қаңтар – 16 ақпан аралығында өтеді. Дауыс беру үшін аудан әкімдігінің сайты немесе Egov Mobile қосымшасы арқылы ЭЦҚ қажет.
Сарайшық ауданы:
Өтінім қабылдау 20 қаңтарда басталады. Жобалар техникалық тексеруден кейін дауыс беруге жіберіледі. Бұл ауданда жоба 2025 жылдан бері жүзеге асып келеді, өткен жылы 17 аула жаңартылған. Дауыс беру үш санат бойынша өтеді.
Сарыарқа ауданы:
Өтінім қабылдау 20 қаңтардан басталады. Жоба 2019 жылдан бері іске асырылып келеді. Осы уақыт ішінде 157 тұрғын бастамасы жүзеге асқан, оның 52-сі өткен жылы орындалған.
Нұра ауданы:
Өтінім қабылдау қаңтар айында басталады. Жоба аясында жыл сайын 100-ден астам аула жаңартылады.
Есіл ауданы:
Өтінімдер 23 қаңтар мен 1 наурыз аралығында қабылданады. Дауыс беру 6–24 сәуірде өтеді, қорытындысы 29 сәуірде шығарылады. Жобаларды іске асыру 4 мамыр мен 15 қыркүйек аралығына жоспарланған.