Халық кеңесі мемлекет пен қоғам арасындағы көпірге айналады – сарапшы

Халық кеңесін «Халықтық Конституция» моделінің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастыруға болады.

 Ақорда Бүгiн 2026, 13:19
Бүгiн 2026, 13:19
93
Фото: Ақорда

«Еуразиялық мониторинг» орталығының директоры мәселеге қатысты өз пікірімен бөлісті. Сарапшының пікірінше, Халық кеңесі мемлекеттік шешімдерді әзірлеуге қоғамның қатысуының жаңа тұрақты тетігіне айналмақ, деп хабарлайды BAQ.kz.

«Еуразиялық мониторинг» орталығының директоры Әлібек Тәжібаевтың айтуынша, жаңа институт қабылданған Конституция логикасы аясында жай ғана кезекті кеңесші орган емес, жаңартылған мемлекеттің архитектурасына қоғамдық өкілдікті енгізуге жасалған қадам ретінде қарастырылады.

Сарапшының пікірінше, Мемлекет басшысы Негізгі заң қабылданғаннан кейін бұл институттың жеке конституциялық-құқықтық мәртебе алатынын нақты аңғартты. Сондықтан да алғашқы кезектегі заңнамалық қадамдардың бірі ретінде «Қазақстан Халық кеңесі туралы» заң жобасын әзірлеу белгіленуі кездейсоқ емес.

Саяси тұрғыдан алғанда, Халық кеңесінің рөлі – мемлекет пен қоғам арасындағы, әртүрлі әлеуметтік және этномәдени топтар арасындағы көпірге айналу, сондай-ақ ауқымды институционалдық өзгерістер кезеңінде кері байланыстың тиімді арнасы болу. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Халық кеңесі жоғары консультативтік орган болып, заңнамалық бастама құқығына ие болуы тиіс екенін атап өткен еді. Яғни оның қызметі тек талқылаумен шектелмей, күн тәртібін қалыптастыруға және нақты ұсыныстар енгізуге ықпал етуі керек, - дейді Әлібек Тәжібаев.

Сарапшының айтуынша, Халық кеңесін «Халықтық Конституция» моделінің негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастыруға болады. Ол Парламенттің орнына емес, онымен қатар жұмыс істейтін, қоғамдық қатысуды күшейтетін, реформалардың легитимдігін арттыратын және жүйені нақты қоғамдық сұраныстарға бейім ететін институт болмақ.

Егер бұл құрылым нақты мазмұнмен толықтырылса, Қазақстан жаңа конституциялық жағдайда саяси консолидация мен басқарылатын диалогтың маңызды құралына ие болады.

Наверх