Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның шығармашылығына 40 жыл

29 Қараша 2022, 16:51
2062
Бөлісу:
Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның шығармашылығына 40 жыл
Фото: Фото: Абай атындағы ҚазҰОБТ

ҚР Халық әртісі, «Құрмет» орденінің игері, Абай атындағы ҚазҰОБТ балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаеваның шығармашылығына 40 жыл толуына орай «Балет кеші» өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Концертте Гүлнар Түткібаева өзі ойнаған немесе қойған классикалық балет үзінділері сахналанды. 40 жылдан бері ол балет жанкүйерлерін шығармашылығымен, балет қойылымдарымен қуантып келеді. Оның шығармашылығы қазақ өнерінің бесігі саналатын Алматымен тікелей байланысты. Балет кешіне Түткібаеваның достары қолдап келді. Олардың арасында Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, үлкен театрдың премьері Юрий Васюченко бар. Одан бөлек, сахнаға Абай атындағы ҚазҰОБТ, Астана опера және Астана Балет солистері шықты. Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Ахмедияров жетекшілік ететін театрдың симфониялық оркестрі сүймелдеді. 

ҚазҰОБТ директоры Нұрбақыт Бөкебаев Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовтің құттықтау хатын оқып берді.

Сізді өнер саласында өзіндік орны бар, талғамы биік, көрерменнің жоғары бағасын алған қайраткер деп танимыз. Саналы ғұмырыңыздың жарты ғасырға жуық уақытын киелі сахна өнеріне арнап, көптеген шығармаларды асқан шеберлікпен орындап шыққан қазақ өнерінің майталманы ретінде халқыңыз мақтан тұтады. Бүгінде төл шәкірттеріңіз қазақ театр мәдениеті мен сахна өнерін шыңға көтеріп, сіз салған сара жолмен жүріп келеді. Қазақ мәдениеті мен балет өнерінің дамуына зор үлес қосқаныңыз үшін риясыз алғысымды білдіремін, - делінген хатта. 

Одан бөлек Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училище директоры, ҚР Хореографтар одағының басшысы құттықтап, медаль, гүл шоқтары, картиналар табыс етілді. Құттықтау сөздерінен кейін Гүлнар Түткібаеваның шығармашылығы туралы шағын фильм көрсетілді.

Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның шығармашылығына 40 жыл

Балет әртісі, 1964 жылы 12 наурызда Алматыда дүниеге келген. 1974 жылы Мәскеу мемлекеттік хореография училищесіне оқуға түседі. 1982 жылы оқу орнын тәмамдап, Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының балет труппасына қабылданады. 2003 жылға дейін жиырма жыл бойы прима-балеринасы болды. Ол «Аққу көлінде» Одетта-Одилияның, «Ұйқыдағы аруда» Аврораның, «Жизель» балетінде Жизельді, «Дон Кихотта» Китридің, «Спартакта» Эгинаның, «Сильфида» балетінде Сильфиданың, «Раймонда» балетінде Раймонданың, «Бақшасарай субұрқағында» Зареманың, «Фрескиде» Шамхаттың, «Қарагөз» балетінде Қарагөздің партиясын сомдады.  

2009-2012 жылдары осы театрдың балетмейстері болып қызмет етті. 2012 жылы ҚазҰОБТ балет труппасының көркемдік жетекшісі және бас балетмейстері қызметіне тағайындалды. Гүлнар Түткібаеваға 1996 жылы Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. Ол «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1992), «Құрмет» орденінің иегері(2009). Сондай-ақ, 2000 жылы Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА «режиссура» мамандығын тәмамдап, 2010 жылы профессор атанды. Халық әртісі Гүлнар Түткібаева сахнадан кетсе де, ізін жалғап келе жатқан көптеген шәкірт тәрбиелеп шықты.    

Халық әртісі Гүлжан Түткібаеваның шығармашылығына 40 жыл

Көрермендер «Анна Каренина», «Щелкунчик», «Корсар», «Кармен-Сюита», «Қызыл Жизель», «Ұлы дала аңыздары», «Дала дауысы», «Эсмеральда», «Кармина Бурана», «Спартак» секілді балеттерден үзінділерді тамашалады.  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлвира Құрбанова, балет артистері арасындағы халықаралық байқаудың лауреаттары Динара Есентаева, Малика Елшібаева және дипломат Богдан Вербовой, ҚазҰОБТ жетекші солистері Азамат Асқаров, Асхат Әшірбек пен Жанель Түкеева,  «Астана опера» театрының жетекші балет солистері Анель Рүстемова мен Жәнібек Иманқұлов, «Астана балет» жетекші солистері Айнұр Әбілғазина, Сүндет Сұлтанов, ҚазҰОБТ артистері Айман Егісбаева, Гүлбаршын Қасаболат, Қасқырбай Есқали,  Ақбота Бекболатова, Ариса Хашимото, Арнұр Түсіпбеков, Аружан Баратова, Рахим Даиров, Рафаэль Уразов, Сырым Аюпов сынды балет әртістері өнер көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы