«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли Моңғолиядан келген делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Делегация құрамына Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Дорж Баярхуу, «Ulaanbaatar broadcasting systems» ЖСС Бас директоры Балхжав Лхагвадорж, «UB Pictures» қоғамының төрағасы Долгион Дарибазар, сондай-ақ Ulaanbaatar broadcasting systems ресми өкілдері кірді.
Кездесу барысында тараптар Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, телевизиялық хабар тарату мен контент алмасу саласындағы өзара байланысты кеңейту мәселелерін талқылады.
Қазақ және моңғол халықтарының арасында ортақ дүние көп: мәдени құндылықтар мен тарихи мұра, сауда-экономикалық байланыстар. Біз ақпараттық хабар тарату және мәдени-гуманитарлық салада да өзара ынтымақтастықты нығайтуымыз керек, - деді «Ulaanbaatar broadcasting systems» ЖСС Бас директоры Балхжав Лхагвадорж.
Тараптар «Хабар» Агенттігі мен «UB Pictures» арасында медиа контент алмасуға, сондай-ақ бірлескен көркем фильмдер мен сериалдар түсіруге қызығушылық танытты.
«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли өз кезегінде Хабар шығарған телехикаялар мен фильмдер Қазақстанда ғана емес шетелде де танымал екенін атап өтті.
Агенттік дистрибуция жолдарын шетелдік серіктестермен бірлесіп үнемі қарастырып отырады. Хабар қорындағы түрлі форматтағы телеөнімдер талғамы жоғары көрермендердің көңілінен шығып отыр.
«Хабар» АҚ басшылығы мен моңғол делегациясының өкілдері екіжақты байланыстарды одан әрі дамытуға және жасасқан меморандум шеңберінде жұмысты жандандыруға келісті.