Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы аппарат жиналысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
Министр 2020 жылы атқарылған жұмыстарға қорытынды жасай отырып, сол қарқынды жоғалтпай, ғылымға ерекше көңіл бөлу керектігін жеткізді.
Нәтиже бар. Жалпы өзгерістер болды. Ары қарай осы жұмысты жалғастыруымыз қажет. Ең бастысы жұмысты ашық, жария түрінде өткізуіміз керек және өткізудеміз. Бұл - өте маңызды қағида. Мемлекет басшысы ғылым саласын дамыту мәселесін ерекше назарда ұстап отырғанын білесіздер. Осы ретте үлкен көмек көрсетіп отыр. Жалпы ғылым саласын қаржыландыру бойынша да, басқа көп мәселелер де оң шешімін табуда. Бізге мұны дұрыс игеріп, дұрыс жолға қойып, ашықтық қағидасымен ұйымдастыру өте маңызды, - деді Асхат Айтмағамбетов.Оның айтуынша, ғылымды дамытуда ЖОО-лар үлкен рөл атқарады.
Әр факультет декандарының ғылым бойынша орынбасарлары бар. Кафедра ғылым бойынша өз есептерін тапсырып отырады. Ғылым бойынша проректорлар бар. Осының бәрі болғаннан кейін жұмыс та, нәтиже де болу керек. Коммерциализация офистарын ашып қойдық, енді осының мазмұны қайда? Осы мәселеге ЖОО-лары ерекше назар аударып, белсенді орындауы керек, - деп айтты министр.Сонымен қатар, Білім басшысы ғылым саласында цифрландыру мәселесін алға тартты. Сондай-ақ, қағазбастылық, есеп беру, түрлі деңгейден өту секілді бюрократикалық кедергілердің біразы жойылғанымен, бірақ әлі де бар екендігін ескертті.
Бізге керегі – ғылыммен айналысатын әріптестерімізге тек қана ғылыммен айналысуға жағдай жасау. Қағазбастылық, есеп беру, түрлі этаптардан өту деген мәселелер үлкен кедергі. Осыны биыл шешуге тиіспіз, - деп түсіндірді БҒМ басшысы.
Аймағамбетов жиналыс кезінде кадр дайындау мәселесіне де тоқтала кетті.
Кадр дайындау, зертханаларды даярлауда да жұмыстар атқырылып келеді. Зертханаларда күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Әлі де қолға аламыз. Сонымен қатар, ғылыми журналдарды ортақ тәртіпке қою бойынша министрліктің шешімі дұрыс болғандығын көрсетті. Бұл жұмысты бір жыл бұрын қолға алдық. Барлық әріптесімізге бір жыл бойы жаңа талаптарға бейімделуге мүмкіндік берілді. Енді шын мәнісінде тиісті талаптарға сай журналдар ғана жұмыс жасайтын болады, - деп министр жиналысты қорытындылады.
Раушан Арманқызы