Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді

24 Сәуір 2023, 17:05
1252
Бөлісу:
Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді
PHOTO
Фото: Серік Маймеров

Мемлекет басшысының Атырау және Маңғыстау облыстарының талапкерлері мен олардың ата-аналары үшін нысаналы білім беру гранттары туралы ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізу туралы тапсырмасын орындау мақсатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Маңғыстау облысына арнайы келді, деп хабарлайды BAQ.KZ Маңғыстаудағы тілшісі.

Осы мәселе бойынша министрмен бірге қырықтан астам ЖОО басшылары да келіп, Yessenov University жаңалықтарымен және болашақ жоспарларымен танысты.

Yessenov University территориясын қала ішіндегі қалашыққа айналдыру мақсатында көптеген жобалар іске асырылуда. Олар – Yessonov Technopark кешені, студенттер саябағы, стадион, жатақхананың ашылып және Теңіз академиясының ғимараты салынып жатыр.

Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді

Мемлекет басшысының инновациялық экожүйе құру туралы идеясы аясында университет президенті Берік Ахметов қонақтарға болашақ инженерлер, технологтар, IT мамандарына ғылыми-техниканың әртүрлі салаларынан білім беретін, техникалық ойлауды дамытатын Yessonov Technopark кешенінің жобасын таныстырды.

Университет тарапы жобаға инвестиция салу арқылы, Технопарк зертханаларын студенттер үшін ғана емес, өнертапқыш қала тұрғындарына да 24\7 ашық әрі қолжетімді MVP (Minimum Viable Product) ағаш, металлдан прототип жасауға мүмкіндік беретін орынға айналдыруға ынталы. Кешеннің екінші қабатында техниканың 80-нен астам түрі орнатылып, бағдарламалау орталығына айналады,– дейді Берік Ахметов.

Іргетасы қаланған құрылыстың бастамасы ретінде технопарк ғимаратының орнындағы ескерткіш тасқа уақыт капсуласы салынды. Капсула ішіндегі болашаққа жазылған аманат хат 2076 жылы – Есенов университетінің 100 жылдық мерейтойында ашылады деп жоспарланған. Капсуланы шар тасқа облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, министр Саясат Нұрбек және университет президенті Берік Ахметов салды.

Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді

Ондағы электр, металл, ағаш, жиһаз, тоқыма өнеркәсібі, баспахана, кескіндеме цехы, конференц зал, робототехника, көркемөнер, галерея, кеңсе, 3D электроника, студия, IT аймағы толық қажетті құралдарымен қамтылады.

Технопарк салынатын жер учаскесінің көлемі – 0,6 га. Құрылыс алаңы – 1342,10 с. Жалпы ауданы – 2000 ш. м. Қоршау аумағы – 1398 ш. м. Жасыл алаңы – 960 ш. м. Жалпы соммасы 1 272 245 000 теңге.

Мәселен, ІТ аймағының екінші қабатында 605 ш. м заманауи бағдарламалау мектебі alem.school орналасады.

Ары қарай компьютер орны ; релакс аймағы; конференция алаңы; белсенді демалыс аймағы; ас үй жалғасады.

Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді

Технопарк салудағы басты мақсатымыз – инженерлік ойлауды қалыптастыру, инновациялық өнеркәсіпті дамыту, ғылыми-техникалық шығармашылықты дамытуға ықпал ететін мотивациялық тәжірибеге бағытталған орта құру.

Одан ары қонақтарға Жылыжай, Жасыл технологиялар орталығы, Су тұшыту қондырғысы таныстырылды. Тұрақты даму экожүйесін қалыптастыру мақсатында жерасты суларын тұшыту арқылы ауладағы өсімдіктер мен жылыжайдағы жеміс-жидектер суарылады. Су 70 м тереңдіктен шығады, оған жұмсалатын энергия Жасыл технологиялар орталығынан кері осмос арқылы алынады.

Yessenov University Теңіз академиясы – Қазақстан бойынша теңіз маңында орналасқан жалғыз академия. Порттарға, кеме ісіне маман даярлап келе жатқан Академияның ауқымын ұлғайту мақсатында университет аумағында 2022 жылы сәуір айынан бастап Теңіз академиясы ғимаратының құрылысы басталған болатын. Қонақтар осы құрылыс алаңына барып көрді.

Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді

Теңіз академиясының жаңа ғимараты 3 қабаттан тұрады, жалпы аумағы 4639,68 м2. Теңіз академиясының көлемдік-жоспарлау шешімдері 590 оқу орнының функционалдық үлгісіне сәйкес жасалған. Ғылыми-білім беру орталығы кеме қатынасы компанияларына, порттарға, су көлігінің жоғары білікті кадрларын мақсатында "Академиялық артықшылық орталығын" құру жоспарланды. 

Осы бағытта Президент тапсырмасына сай, ғылым және жоғары білім министрлігі алдағы екі жылда төрт миллиард тенгеге зертханалар салуға қаражат бөлмек. Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Білім алушылар оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – басты мақсат. Сол себепті Мемлекет басшысы да бұқаралық спортты дамыту мәселесіне аса назар аударып отыр. Біз бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеп шығаруымыз керек, – деді министр Саясат Нұрбек.

Осыған орай, биыл 24 мамыр – 24 маусым аралығында ХІІ жазғы универсиада Есенов университетінде өткізіледі. Министр мен әкім бастаған топ университет аумағында 1500 орындық Стадион жобасымен танысты. Спорт нысанының жер көлемі 0,2375 га құрайды. Жер учаскесінің ауданы – 0,24 га, Ғимараттың құрылыс алаңы – 853,13 м2.

Ғылым және жоғары білім министрі Маңғыстауға жұмыс сапарымен келді

Мәртебелі меймандар келесі кезекте, жер телімі – 3,12 га құрайтын студенттік саябақтың бастамасы ретінде алғашқы түп талдар отырғызды. Көк кілемге аналатын абаттандыру алаңы – 13176,69 м кв. Бақ ішінде бой көтеретін ғимараттың жалпы ауданы – 1483,72 м кв; Қамту ауданы – 16500 м кв.

Саябақ аумағында арка, амфитеатр, субұрқақ, 50 орындық кафе, әкімшілік ғимарат, 10 м куб су сиятын қазаншұңқыр және су соратын станция салынады.

Студенттік саябақтың бастамасы ретінде алғашқы түп талдарын отырғызды. Мұның барлығы студенттерді шабыттандыру арқылы, оқуға, зерттеуге деген құштарлығын ояту мақсатында жасалып жатқан істер.

Тарихи сәттер университет территориясында салынған 500 орындық жаңа жатақхананың лентасын қию рәсімімен және жатақхана фоесінде журналистерге арналған баспасөз конференциясымен жалғасты.

Есенов университеті мен «Айсар-Строй» ЖШС консорциум құрып, жатақхана құрылысын салып бітірді. Жаңа жатақхана екі адамдық бөлмелерден тұрады. Барлығында жеке-жеке жуынатын орын мен дәретханасы, тамақ дайындауға арналған плита, оның үстінде бу мен түтін сорғыш құрылғылар орнатылған. Нысан техникалық қауіпсіздік талаптарына толық сай, мұнда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық нормалар қатаң сақталады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана: «Жатақхана салу – өте өзекті мәселенің бірі. Қазір студенттерге 13 мыңға жуық орын жетіспейді. Алайда, Үкімет бұл түйткілді шешуге мән беріп отырған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрлігі осы мәселелерді ерекше бақылауға алуы керек...» – деген болатын. 

Министр және ЖОО басшылары осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары туралы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Қонақтар үшін университеттің бас корпусында кампус-тур ұйымдастырылды.

Түстен кейін, ҚР ҒЖБМ министрінің төрағалығымен батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту мәселесі бойынша дөңгелек үстел өтті. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Yessenov University студенттермен кездесіп, дәріс оқыды.

Өзгелердің жаңалығы