Ғылым министрі студенттер үшін қонақ дәрісін өткізді

8 Қараша 2024, 17:58
894
Бөлісу:
Ғылым министрі студенттер үшін қонақ дәрісін өткізді
Фото: Maqsut Narikbayev University

Maqsut Narikbayev University-де Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің «Қазақстан – өңірлік білім беру хабы» тақырыбында дәрісі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Министр Қазақстандағы жоғары білімді дамыту және осы саладағы халықаралық ынтымақтастық туралы баяндады.

Саясат Нұрбек министрліктің еліміздегі халықаралық университеттердің кампустарын салу үшін жағдай жасай отырып, Қазақстанды ірі академиялық хабқа айналдыруды жоспарлап отырғанын атап өтті. Ол биылғы жылы Қазақстанға оқуға 30 мыңға жуық шетелдік студент келгенін айтты. 

Біз халықаралық университеттерді тартатын осындай экожүйені құра отырып, Қазақстанды академиялық орталық ретінде дамытуға ұмтыламыз. Мемлекет жер учаскелерін бөліп, басқа да ынталандырушы шараларды ұсына отырып, бұл бастаманы жан-жақты қолдайды, бұл еліміз үшін экономикалық тиімді шешім болады, - деді министр.

Сондай-ақ министр Қазақстанның барлық студенттері үшін оқу бағдарламасының бір бөлігі болатын жасанды интеллект бойынша міндетті курсты енгізу жоспарлары туралы айтты. 

Ғылым министрі студенттер үшін қонақ дәрісін өткізді

Google компаниясымен бірлесіп әзірленген бұл курс – цифрлық дағдыларды дамытуға бағытталып, жастарды қарқынды дамып келе жатқан цифрлық экономика жағдайында жұмыс істеуге дайындайды. 

Қазіргі уақытта пилоттық курс еліміздің 14 университетінде іске қосылды, ал болашақта оны Қазақстанның басқа ЖОО-ларында кеңейту жоспарлануда.

Дәріс соңында Саясат Нұрбек студенттердің сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанда жоғары білім мен ғылымды дамытудың өзекті мәселелері мен келешегіне тоқталды. 

Академиялық мобильділікті арттыру, жас ғалымдарды қолдау және білім беру бағдарламаларының сапасын жақсарту сынды тақырыптар талқыланды. 

Студенттер маңызды сұрақтарына жауап алып, білім беру саласын дамыту бойынша министрліктің ұстанымдарымен танысу мүмкіндігіне ие болғандары үшін министрге алғыстарын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы