Елордада «Шабыт» шығармашылық сарайында Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен «Ғылым қызметкерлері күніне» арналған салтанатты жиын өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты жиынға 350-ден астам қонақ қатысып жатыр. Олардың қатарында ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің мүшелері, Парламент депутаттары, Ұлттық Ғылым академиясының академиктері, ғылым, жоғары білім және тіл саясаты мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелері, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың басшылары және басқалар.
Ғимараттың фойесінде ғылыми жетістіктер көрмесі ұйымдастырылды. Онда қонақтар қазақстандық ғалымдардың жобаларымен таныса алды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек іс-шараның ашылуында әріптестерін бүгінгі айтулы мерекемен құттықтады.
Бүгін Президенттің төрағалығымен үлкен жиын өтті. Бүгінгі күні Президент жанындағы Ғылым және технологиялар сұрақтар бойынша кеңес жұмыс істейді. Министрлік үлкен өзгерістердің аясында тұр. Биыл жаңа заң қабылданады. Үлкен өзгерістер болады. Еліміздің ғылымын бірге биікке көтере берейік, - деді Саясат Нұрбек.