Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Грузияда Түркияның әскери ұшағы апатқа ұшырады: бортта 20 сарбаз болған

11 Қараша 2025, 21:49
346
Бөлісу:
 REUTERS
Фото: REUTERS

Грузия аумағында Әзірбайжаннан ұшқан Түркияның C-130 әскери-көлік ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақта барлығы 20 түрік әскери қызметкері, соның ішінде экипаж мүшелері болған. Бұл туралы Түркия Қорғаныс министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ ВВС-ге сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстары Грузия билігімен бірлесіп жүргізілуде. Грузия Ішкі істер министрлігі ұшақтың Әзірбайжан шекарасынан шамамен бес шақырым жерде құлағанын растады.

Министрлік дерегінше, C-130 ұшағы апат туралы сигнал бермеген және Грузияның әуе кеңістігіне кіргеннен кейін бірнеше минут ішінде радардан жоғалып кеткен.

Төтенше жағдайлар қызметі мен полиция Сигнах муниципалитетіндегі апат орнына жеткен. Куәгерлердің айтуынша, оқиға орнынан түтін көтерілген.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған апатқа байланысты терең қайғысын білдіріп, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты. Ал Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев ұшақтың Гәнжә қаласынан ұшып шыққанын хабарлады.

Lockheed Martin компаниясы әзірлеген C-130 Hercules – орта және ұзақ қашықтыққа ұшатын әскери-көлік ұшағы. Ол әскери жүктерді, жеке құрамды және эвакуациялық миссияларды орындауға арналған.

Қазіргі уақытта апаттың себебі анықталып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы