Грузия полициясы 4 қазанда Тбилисидегі президенттік резиденцияға шабуыл жасау ісі бойынша тағы 16 адамды ұстады. Бұл туралы елдің ішкі істер министрінің орынбасары Александр Дарахвелидзе брифингте мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Интерфакске сілтеме жасап.
Осы уақытқа дейін президенттік резиденциядағы зорлық-зомбылықтың ұйымдастырушылары мен қатысушыларының жалпы саны 62 адамға жетті. Тағы екі адам іздеуде, - деді Дарахвелидзе.
ІІМ мәліметінше, тәртіпсіздіктер кезінде 35 полиция қызметкері түрлі жарақат алған. Тергеу әлі де жалғасуда.
Оқиға 4 қазанда болған. Сол күні Тбилисиде жергілікті сайлау нәтижелеріне наразы бір топ азамат президенттің резиденциясы маңында акция өткізген. Наразылар қоршауларды сындырып, ғимарат аумағына кіруге тырысқан. Полиция қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін су атқыш пен көзден жас ағызатын газ қолданды.
Грузия ІІМ бұл іс бойынша тергеу аясында жаңа ұсталымдардың болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.