Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 20 шілде – Халықаралық шахмат күні. Атаулы датаға орай, «Visit Shymkent» орталығы туристік индустрия өкілдерінің арасында шахматтан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш гроссмейстер Гүлісхан Нахбаевамен бірсеанстық ойын ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты - «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін дамыту әрі туристік сала өкілдерінің интеллектуалды ойынға қызығушылықтарын арттыру.
«Visit Shymkent» орталығының басшысы – Ерлан Умаров:
«Visit Shymkent» орталығының бастамасымен өтіп отырған шараға жалпы саны 15-ге жуық туристік индустрия өкілдері, яғни қонақ үй, туроператорлар, турагенттер және гид- экскурсовод өкілдері қатысып отыр.
Жалпы, қазіргі таңда үшінші мегаполистің туристік әлеуетін арттыру үшін 37 мыңдай адам қызмет етуде. Біздің мақсат- сала қызметкерлері арасында өзара байланысты нығайту.
Бүгінгі таңда, Шымкент қаласында шахматтың қарқынды дамуына барлық мүмкіндіктер бар. Қала мектептерінде шахмат арнайы пән ретінде енгізілген. Сондай-ақ 2021 жылы «Шымкент – еліміздің шахмат астанасы» брендін қалыптастыру аясында шахматтан 8-18 жастағы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты үшінші мегаполисте өткен болатын.
Үш сағаттан аса жалғасқан сайысқа жалпы саны 12 ойыншы қатысты. Нәтижесінде 11-ін жеңіп, 1 қатысушымен тең ойнады. Айта кетейік, ойыншылар қатарында спорт шеберлігіне үміткерлер де болды. Ал интеллектуалды ойында белсенділік танытқан қатысушыларға арнайы “Visit Shymkent” орталығы атынан алғыс хаттар табысталды.