2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап Грекияда 15 жасқа толмаған пайдаланушылар үшін әлеуметтік желілерге кіру шектелуі мүмкін. Бұл туралы 8 сәуірде үкіметтің жоспарлары жөнінде премьер-министр Кириакос Мицотакис Reuters агенттігіне сілтеме жасап таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет басшысының айтуынша, бұл бастама жасөспірімдер арасындағы мазасыздықтың артуымен, ұйқы сапасының нашарлауымен және әлеуметтік платформаларға тәуелділіктің қалыптасуымен байланысты.
Мицотакис Грекия осындай шектеулерді енгізген алғашқы елдердің бірі болуды жоспарлап отырғанын және болашақта мұндай шараларды бүкіл Еуропалық Одақ қолдайды деп үміттенетінін айтты. Оның сөзінше, мақсат – ЕО-ны балалардың цифрлық қауіпсіздігі саласында бірыңғай ережелер жасауға ынталандыру.
Заң жобасы 2026 жылдың ортасында парламент қарауына ұсынылады деп күтілуде. Қабылданғаннан кейін интернет-платформаларға 15 жасқа толмаған тұлғалардың тіркелуі мен сервистерді пайдалануына жол бермейтін техникалық тетіктер енгізу міндеттеледі. Талап бұзылған жағдайда компанияларға ЕО-ның цифрлық қызметтер туралы заңнамасына сәйкес, жаһандық айналымының 6%-ына дейін айыппұл салынуы мүмкін.
Сонымен қатар, премьер-министр Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйенге цифрлық кәмелет жасының бірыңғай шегін 15 жас деңгейінде белгілеуді ұсынған хат жолдады. Бастамалар қатарында пайдаланушылардың жасын міндетті тексеру және ережелерді сақтамаған компанияларға бірыңғай санкциялар енгізу бар.
Афинада ұлттық деңгейдегі шаралардың тиімділігі ЕО деңгейінде келісілген шешімдерсіз шектеулі болады деп санайды. Премьер-министр жанындағы министр Акис Скерцос цифрлық реттеудің көптеген нормалары еуропалық заңнама аясында қалыптасатынын, сондықтан тек Грекияның бастамасы жеткіліксіз екенін атап өтті.