Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Грекияда ірі орман өрттері өршіп тұр

16 Тамыз 2025, 14:47
462
Бөлісу:
 видеодан скриншот
Фото: видеодан скриншот

Соңғы екі күн ішінде Грекияда 150-ден астам өрт ошағы тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қатты ыстық пен желдің әсерінен от жылдам таралуда. Ахея, Превеза, Ион аралдары мен Хиос аймақтарындағы 20 елді мекеннің тұрғындары эвакуацияланды.

Өртті сөндіруге шамамен 5 мың өрт сөндіруші мен 33 ұшақ жұмылдырылған. Бірнеше құтқарушы жарақат алды. Қызыл жалын тұрғын үйлерді, кәсіпорындарды, автотұрақтар мен шаруашылықтарды шарпып, халықты электр қуатынан айырды.

Грек БАҚ-тарының хабарлауынша, Кефалония мен Мегара аймақтарында жаңа өрттер тұтанды.

Ал Ахея префектурасындағы Патра маңындағы Сихена ауданында шыққан өрт тұрғын үйлерге жетіп, бірнеше үйге зақым келтірді. Аймақ халқы эвакуациялануға мәжбүр болды.

Сакыз (Хиос) аралының солтүстік-батысындағы ауылдар толықтай эвакуацияланды. Жанған өрт ауыл шаруашылығы алқаптарына, ормандарға, фермаларға, қоймалар мен көлік құралдарына айтарлықтай залал келтірді.

Лимния өңірінен шамамен 40 адамды жағалау күзеті қызметкерлері мен жекеменшік қайық иелері теңіз арқылы эвакуациялады.

Өзгелердің жаңалығы