Грек-рим күресінен ел чемпионатына кімдер қатысады

15 Қараша 2020, 22:34
1937
Бөлісу:
Грек-рим күресінен ел чемпионатына кімдер қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 19 қараша күні Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде күрес түрлерінен Қазақстан чемпионатының жалауы желбірейді.   

Індет жағдайында өтетін ұлттық біріншіліктің форматына біраз өзгеріс енгенін бұған дейін хабарлаған едік. Бүгін назарларыңызға грек-рим күресінен бақ сынайтын үздіктер тізімін ұсынбақпыз. Ұлттық құраманың бірінші нөмірлі балуандарына бәсекелес болатын кімдер бар? Olympic.kz әр салмақтағы талантты спортшыларға тоқталды.  

55 келідегі ең басты фаворит – әлем чемпионатының күміс жүлдегері Хорлан Жақанша. Хорлан бұл салмақтағы алтыннан басты үміткерлердің бірі. Оның басты қарсыластарының қатарында Гран-при турнирінің қола жүлдегері Жансерік Сәрсенбиев, еліміздің үш дүркін жеңімпазы Аманғали Бекболатов бар.  

60 келіде әлем чемпионатына жүлде алған екі балуан да белдеседі. 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс, 2019 жылғы әлем біріншілігінің қола медаль иегері, Азия ойындарының жүлдегері Мейрамбек Айнағұлов, 2018 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдос Сұлтанғали, кадеттер арасындағы әлем чемпионы Ернар Фидахметовтер осы салмақта топ жаруға тырысады.  

67 келідегі бәсекелестік де жоғары. Бұл салмақта команда капитаны, әлем чемпионаттарының төрт дүркін жүлдегері Алмат Кебіспаев, 2018 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Мейіржан Шермаханбетов пен Әділхан Сатаев, Данияр Қаленов, Нұрбек Қызыров сынды талантты балуандар белдеседі.  

72 келідегі жүлдеден үмітті спортшылар қатарында Ибрагим Магомедов, Қаһарман Қисметов, Азат Садықовтар бар.  

77 келіде де кіл мықтылар бақ сынайды. Токио Олимпиадасының жолдамасын жеңіп алған Асхат Ділмұхамедовке қарсы әлем чемпионатының жүлдегері Демеу Жадыраев, Азия чемпионы Темірлан Шадукаев, құрлықтық додалардың жеңімпазы Мақсат Ережеповтен күреседі.  

82 келіде Азия чемпионатының жүлдегері Евгений Поливадов пен Мирас Баршылықов сынды танымал спортшылар сынға түседі.  

87 келіде төрт жыл бойы спорттан алыстатылған Азия чемпионы Нұрсұлтан Тұрсыновтың әлеуетін байқаймыз. Одан бөлек, құрлық біріншілігің жүлдегері Азамат Құстыбаев пен Бауыржан Мусин, Эльмар Букали есімді балуандар жүлдеге таласады.  

97 келіде Ерұлан Ысқақов, Адай Құрменсейітов, Олжас Сырлыбайлар үздік үштікке енуі мүмкін.  

Аса ауыр салмаққа Азияның үш дүркін чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Нұрмахан Тінәлиев қайта оралды. Бүгінге дейін 97 келіде бақ сынаған Әлімхан Сыздықов та алыптар айқасында бақ сынайды. Сондай-ақ, Азия чемпионатының жүлдегері Мансұр Шадукаев та осы салмақта.  

Өкінішке қарай, бұл салмақтағы үздіктердің бірі Дамир Күзембаев жарақтына байланысты жарысқа қатыспайды.   

Өзгелердің жаңалығы