Грантпен оқыған түлек бюджетке 1,7 млн теңге қайтаруға міндеттелді

Жамбыл облысындағы Талас ауданы соты мемлекеттік грант есебінен оқыған түлекке қатысты оқу шығынын өтеу туралы шешім шығарды.

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Кеше 2026, 20:48
Кеше 2026, 20:48
352
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Жамбыл облысындағы Талас ауданы соты мемлекеттік грант есебінен оқыған түлекке қатысты оқу шығынын өтеу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сот материалдарына сәйкес, азамат оқуын аяқтағаннан кейін міндетті жұмыс өтеу талабын орындамаған.

Сотта анықталғандай, 2018 жылы Астана қаласының білім басқармасы, университет және студент арасында үшжақты келісім жасалған. Шарт бойынша, мемлекеттік грантпен оқыған түлек оқу бітірген соң кемінде үш жыл жергілікті атқарушы орган жолдамасы бойынша еңбек етуге тиіс болған. Бұл міндет орындалмаған жағдайда оқу шығындарын қайтару қарастырылған.

Азамат 2021-2025 жылдары география мамандығы бойынша білім алып, диплом алғанымен, жолдамамен жұмысқа орналаспады. Құжаттарда оның мұндай шешім қабылдау себебі көрсетілмеген.

Білім мекемесінің есебіне сәйкес, оқуға 4,6 млн теңге жұмсалған. Оның 1,7 млн теңгесі – оқу ақысы, ал 2,8 млн теңгесі – стипендия. Талап қоюшы тек оқу ақысын қайтаруды сұраған.

Сот отырысында жауапкер қарызды мойындап, оны бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыруды өтінген. Судья талапты заңды деп танып, 1,7 млн теңгені және мемлекеттік бажды өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сот шешімі әзірге күшіне енген жоқ. Тараптар аппеляцияға шағымдану құқығын пайдалана алады.

Наверх