ҚазҰУ түлегіне мемлекеттік грантпен оқығаны үшін 2,5 млн теңге қарызды қайтару міндеттелді. Ол оқу бітірген соң белгіленген жерде жұмыс істемеген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық сотында «Қаржы орталығы» АҚ-ның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегіне мемлекеттік грант бойынша оқуға кеткен шығындарды өндіру туралы азаматтық ісі қаралды.
Сот анықтағандай, қыз университетте ауыл жастарына арналған квота бойынша республикалық бюджет есебінен оқыған. Оның оқуына 2,5 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Заңнамаға сәйкес, квота бойынша оқыған түлектер оқуын аяқтағаннан кейін үш жыл ішінде жолдама бойынша жұмыс істеуі немесе бюджетке кеткен шығындарды өтеуі тиіс. Алайда жауапкер 2023 жылы жұмыс орнына бармаған және Жұмыспен қамту орталығында тіркелмеген.
Осыған байланысты «Қаржы орталығы» негізгі қарыз ретінде 2,5 млн теңгені және 666 мың теңге көлемінде өсімпұл өндіруді талап етті.
Сот іс материалдарын қарап, талапты ішінара қанағаттандырды. Түлектен 2,5 млн теңге негізгі қарыз өндіру туралы шешім қабылданып, ал өсімпұл мөлшері талапкердің кеш жүгінуін ескере отырып 66 мың теңгеге дейін қысқартылды.