Грантқа түсу мүмкіндігін мобильді қосымша арқылы білуге болады – жоба жетекшісі

3 Маусым 2020, 14:36
24273
Бөлісу:
Грантқа түсу мүмкіндігін мобильді қосымша арқылы білуге болады – жоба жетекшісі

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Түркістан облысы бойынша 11 сыныпты 24658 оқушы бітірді. Аймақта тестілеуге 24658 бітірушінің 18634-і өтініш берді. Бұл жалпы түлектердің 75,5 пайызын құрайды. 

Сонымен, 20 маусым күні ҰБТ басталады. Жүректері дүрсілдеп, күндіз-түні дайындалып жатқан талапкерлер еліміздің ертеңгі мамандары, мемлекетіміздің болашағы. Жыл сайын ҰБТ-дан кейін оның қорытындысын білу үшін жұртшылық "Егемен Қазақстан" газетін іздеп сабылып, қала берді басқа да сайттарды шарлап кететіні жасырын емес. Себебі түсінікті, гранттың қорытындысын білуге асығады. Биыл осы гранттың қорытындысы туралы мобильді қосымшаны жүктеп алып, бір ғана ақпарат көзінен біле алатын мүмкіндік туды. Қосымша туралы joo.kz жобасының жетекшісі Қанат Өксікбаев баяндап берді. 

– Қанат Бекниязұлы, joo.kz бағдарламасының мүмкіндіктері қандай? Сіздер жасап шығарған қосымшаны телефонға жүктеп алып, ҰБТ қорытындысын білуге болады дейді? Жоба қашан дүниеге келді? Осы туралы айтып берсеңіз?

– joo.kz талапкерлерге арналған ақпараттық-аналитикалық мобильді қосымша. Қазір біздің қосымшада 30 мыңнан аса талапкер тіркелген. Біз қосымшада ҰБТ, грант, мамандықтар, университеттер жайында ақпарат береміз. Талапкерлер біріншіден грантқа түсу мүмкіндігін біле алады. Ол үшін талапкер бейіндік пәндерді енгізеді және ҰБТ-дан алған баллын жазады. Ал бағдарлама сізге грантқа түсе алатын мамандықтарды тауып береді. Екіншіден, ЖОО туралы толық ақпарат ала аласыз. Үшіншіден, ҰБТ-дан қанша балл алдым, конкурстың нәтижесі қалай деп түрлі сайтқа кіріп жүрмейсіз, газет іздемейсіз. Біз өзіміз сіздің смартфонға хабарлама жібереміз. Бұл дегенің ғажап емес пе? Төртіншіден, серіктес университеттердің ішкі грант конкурсы біздің қосымшада жарияланады.

– Сіз бір сөзіңізде грант конкурсын екі кезеңге бөліп өткізу керек депсіз. Ол талапкерлер арасында түсінбеушілік туғызуы мүмкін. Қалай сонда, грантты екі рет өткізу керек пе?

– Сұрағыңыз орынды. Осы жылдың қаңтар айында Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп өткізген жиында төмендегідей ұсыныстар жасадым. Бірінші, грант конкурсын 2 этапқа өзгерту, осылайша игерілмей қалған гранттар санын күрт азайтуға болады. Екіншіден, 2-ден көп бейіндік пәннен ҰБТ тапсыру мүмкіндігі. Үшіншіден, грант конкурсын тілге қатысты бөлмеу (бұл мәселе биыл шешілді). Төртінші, қазақ тілін барлығына міндетті пән ретінде енгізу. Бесіншіден, атаулы гранттардың шарттарын өзгерту, алтыншы гранттар саны жыл басында жариялану керек. Бұл да биыл шешілді. Жетіншіден, грантпен оқытатын әрбір университеттің жыл басында қай мамандықтар бойынша оқытатынын жариялау.

Енді жоғарыда айтып өткендерімді толық тарқатып түсіндіре кетсем былай. Грант конкурсын екі этапқа бөлу деген ол, қазір конкурс бір-ақ этаппен өтеді. Бірден барлық грантты бөлістіреді. Менің ұсынғаным 80 пайызын бірінші ойнатып, қалған 20 пайызы бойынша қайтадан екінші кезеңі болады деп грант конкурсына ұсыну. Мұндай үрдіс енді бізде жоқ. Бірақ ресми емес түрде бар десек болады. Ол қалай? Бізде жыл сайын мыңдаған грант игерілмей қалып қояды. Мысалы өткен жылы 3000 грант игерілмей қалып кетті. Соны тарату үшін кейін кешіктіріп қазан айына қарай қайтадан бөлістіреді. Оның қалай бөлісетіндігі туралы ешқандай мәлімет жоқ. Оған қоса, заңды түрде қалай бөлістіру керек екені де айтылмаған. Оны тек комиссияның қарауына қалдырып, өздері шешеді деп бекіткен. Меніңше, ол махинациялық тәуекел ету, яғни дұрыс бөлістірмеу қаупі бар. Сол үшін қалған гранттар қалай бөлінді, кімдер алды деген ақпарат толыққанды болу керек. Яғни ресми түрде немесе қалай өтетіні белгілі болу керек. Бізде грант конкурсына құжат тапсырарда төрт таңдау бар деп айтады. Яғни төрт мамандық таңдай алады. Бірақ кейбір мамандықтар бойынша бір немесе екі-үш қана таңдау бар. Азырақ. Мысалға физика, химия бағыты бойынша бір-ақ таңдау бар. Бұл не деген сөз? Кейбір балаларға грантқа түсу мүмкіндігі өте көп, кейбіріне өте аз деген сөз. Міне, сол себепті жоғары балмен грантқа түспей қалу деген сияқты мәселелер осыдан туындайды. Сол үшін бірнеше немесе тек қана екеу емес, көбірек бейіндік пәндерден тапсыратын мүмкіндік беретін болса, сол кезде барлығында төрт мамандықты таңдау құқы болады. Бізге мұны қарастырамыз, келесі жылы онлайн болса сол мүмкіндікті қосуымыз мүмкін деді. Жалпы айтқан кезде бір бала физика, химиядан ғана емес, математикадан да жақсы болса, математиканы да тапсыра алуы керек.

жд.jpg

– Бірде туысқан сіңлімнің "Туу, бекер орысша мамандыққа тапсырмаппын. 60 баллмен де түсіп кеткендер бар екен. Оны білгенімде қазақ тілінде тапсырмай, орысшасына түсіп кетер едім" деп өкінгені әлі көз алдымда. Расында, орыс тілінен грантқа таласушылар саны аз ба?

– Өткен жылдары конкурс мысалы орысша тапсырғандарға бөлек, қазақша тапсырғандардікі бөлек болатын. Сосын орысша тапсырғандардың грантқа өтетін баллы өте төмен, ал қазақша тапсырғандардың баллы өте жоғары болды. Бұл конкуренция көбірек болғандықтан. Мысалы бір мамандық бойынша орысша бөлімге тапсырсаң оңай түсесің, қазақша бөлімге тапсырсаң қиын. Ал бұл мәселені шешу үшін грант конкурсы бәріне бірдей тұтас болу керек еді. Ол өткен жылдары жоқ болатын. Біз осы мәселе тағы туындамас үшін, жыл басында ұсындық. Қазір бұл мәселе шешілді. Биылдан бастап грант конкурсы тілге бөлінбейді, барлығына бірдей болады.

– Қазақ тілі пәні конкурс барысында міндеттелмеген, осыны да жолға қою керек деп айтып қалдыңыз. Не себепті екенін айта кетесіз бе?

– Иә рас, бізде қазақ тілі өкінішке қарай ешкімге міндетті пән емес. Менің ойымша Қазақстанда қазақ тілі барлығына міндетті пән болу керек. Ресейде орыс тілі қалай барлығына міндетті болса, бізге де солай міндетті қазақ тілі болу керек. Бізде тек қазақша тапсыратындардың оқу сауаттылығы дейді және мәтінді түсінсе болды, сол ғана міндетті, бірақ қазақ тілі емес. Ал орыс тілінде тапсыратындарға қазақ тілге қатысты ешнәрсе жоқ. Мен сізге айта кетейін, мектеп түлектерінің 80 пайызы қазақ тілді болғандықтан, қазақ тілін міндеттеу керек деп ойлаймын.

– Грант саны кеш жарияланады деп айтып қалдыңыз. Бұл туралы да толық мәлімет бере кетіңізші.

– Өткен жылы грант санын мысалы ҰБТ бітіп кеткеннен кейін жариялады. Ал талапкерлер ҰБТ-да қандай пән таңдайтынын білу үшін грант саны алдын ала белгілі болу керек. Яғни жыл басында. Биыл сол мәселе біртіндеп шешілді. Гранттар санын мамырдың соңында жариялады. Бірақ менің ойымша ол ақпарат жыл басында немесе оқу жылының басында жариялануы керек.

– Талапкерлер үшін тағы қандай проблемалар бар деп ойлайсыз?

– Бізде талапкерлер үшін проблемалы нәрсенің біреуі, қай университетте қандай мамандықтың бар екенін нақты білмейді. Себебі университеттер жыл ішінде де өзгерте береді. Ол тіпті ҰБТ-дан кейін де өзгеріп кете беруі мүмкін. Сол үшін соның белгілі уақыты болуы керек немесе мына уақытқа дейін бекітіледі деп хабарлауы тиіс. Сонымен қатар, ол универсиеттерге грант туралы жаңалықты өзінің сайтына жариялау керек деген міндет қойылуы керек деп ойлаймын.

– Түркістан облысы халық саны жағынан тұрғыны ең көп аймақ. Жастар саны да, бала саны да алда келеді. Айтыңызшы, грант таңдауда қай облыс жастарының үлес салмағы басым екен?

– Ия, талапкерлер арасында ең көп Түркістан облысы және Шымкент қаласының түлектері, шамамен 20%. Бірақ өкінішке қарай түлектердің көбі оқуын жалғастырмайды немесе жұмыспен де қамтылмаған. Мысалы, Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің дамуы мен жағдайы туралы ұлттық баяндамада келтірілген мәлімет бойынша 2018 жылы 11 сыныптан кейін ары қарай білімін жалғастырмаған және еңбектенбейтін түлектердің үлесі 27 пайызды құрапты. Оның ішінде ең көбін Түркістан облысы – 50,4%, екінші Шымкент қаласы – 41,6%, үшінші Алматы облысы 36,1% құраған. Қазақстанда, әсіресе оңтүстік аймақтарда NEET (Not in Empoloyment, Education or Training) – еңбектенбейтін, білім алмайтын және тренингке де қатыспайтын жастар үлесі өте жоғары. Бұл категориядағы жастар қылмысқа бір табан жақын. Біздің жобаның басты мақсаттарының бірі осы категориядағы жастарды білім грантын алуына көмектесу.

joo.kz. сайты туралы айта кетсеңіз?

– Өткен жылы біз сайтты әзірлеп шығу үшін аутсорсингге бердік. Бір жылдан кейін біз ІТ-стартаптың аутсорста жасалмайтынын түсіндік. Сосын бірнеше ай осы сайтты жасап шығаратын серіктес іздеуге тура келді. Ақыр соңында таптық-ау. Яғни бізбен бірге жобаның құндылығын түсініп, порталды жаңартуға кірісті. Былтыр сайтқа келушілердің 95 пайызы мобильді нұсқаны да пайдаланғандықтан, бірден мобильді қосымша жасап шығаруды шештік. Осылайша, біз бірінші сәуірден бастап JOO.KZ қосымшасын іске қостық. ҰБТ қарсаңында екі айдың қорытындысын қалай болғанын айта кеткім келіп отыр. Біріншіден Ұлттық Тестілеу орталығымен келісімшартқа отырдық. ҰТО орталығынан статистикалық мәліметтерді алып отыратын болдық. Эссе конкурсын ұйымдастырып, нәтижесінде бір талапкерге ҚазМЗУ университетіне грант бердік. Грант іздеудің функциясын жақсарта түстік. Сол себепті қазір грантты сала немесе мамандық бойынша іздеуге болады. UX/UI дизайндарын жаңарттық. "Мамандық" деген тарауға жұмысқа орналасу мүмкіндігі мен түлектің орташа жалақысы қанша болатынын көрсеттік.

Ал енді сандарды сөйлетсек, 31 338 қолданушы тіркелді. 66 027 грант іздеген, 71401 рет ЖОО парақшалары қаралған, 107 357 мамандық парақшалары қаралған. Жарияланған посттардың астына 5165 комментарий қалдырылған. ЖОО-ларға 2181 сұрақ қойылған. App Store-да «білім» санаты бойынша екі рет алдыңғы қатарға шықты, ал Play Market-те орташа балл 4,8. Ең бастысы түлектерденің мыңдаған алғысы мен жылы лебіздері.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. ҰБТ-дан кейін қосымшаға сұраныс қалай болмақ? Кірушілер саны азайып, бәсеңсіп қалмай ма?

– Жоқ, бәсеңдемейді. Біз алдағы уақытта қосымшаға ЖОО өкілінен кеңес алу және сұрақ қою бөлімін қосып, тестілеуден өткізіп жатырмыз. Сall center енгіземіз. Ол ҰБТ кезінде 20 маусымнан 20 шілдеге дейін грантқа өтініш беретіндерге жұмыс істейтін болады. Грантты іздеуді бұрынғысынан да жеңілдете түсеміз, яғни гранттардың түріне қарай функцияларын өзгертеміз. Әрбір тұтынушының санатына қарай жеке хабарламалар түрлерін әзірлейміз. ЖОО үшін бейінді пәндер мен ҰБТ баллы бойынша таргетинг мүмкіндігін жасаймыз.   

– Түлектер көбіне қай оқу орнының парақшасын кіріп көрген? Қай сала мен мамандық танымал, сұранысқа ие. Байқауыңызша, жастар көбіне қандай мамандық алғысы келеді екен?

– Қоғамда "мұғалімдікке ешкім тапсырмайды, балы жетпей, аз алғандар ғана тапсырады" деген қате пікір бар. Ең көп таңдалатын сала ол білім беру саласы. Біздің қосымшада шамамен талапкерлердің 24 пайызы осы саланы таңдайды. Сонымен бірге, қосымшада ең көп таңдалатын мамандық" "Ақпараттық технологиялар", ал ең көп таңдалатын университет Сүлеймен Демирел атындағы университет.

– Елу баллмен де грант алуға болады депсіз, осы туралы толығырақ айтып бере кетсеңіз?

– Иә, бастысы дұрыс таңдау жасау керек. Көп талапкерлер ҰБТ-дан 50-60 балл алса, бітті мүмкіндік жоқ деп грант конкурсына қатыспайды. Ал, көптеген техникалық мамандыққа өткен жылы грантқа шекті балл 50 болды.

 

 


Өзгелердің жаңалығы