Гонконгтың Тай По ауданындағы Wang Fuk Court атты 31 қабатты бірнеше тұрғын үй кешенін шарпыған ірі өрттен кем дегенде 13 адам қаза тауып, әлі де бөгеліп қалғандар саны белгісіз, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Өрт күндіз басталып, кешендегі сегіз корпустың жетеуіне тез тараған. Ауданның үстіне қою қара түтін көтеріліп, жалын бірнеше шақырымнан көрінді. Өрт сөндірушілер жалынмен түні бойы арпалысқан. Өрттің қауіптілік деңгейі ең жоғары – бесінші деңгейге көтерілді.
13 адамның арасында бір өрт сөндіруші бар. Оннан астам адам жарақат алған. Үй ішінде әлі де қанша тұрғын қалуы мүмкін екені туралы өрт қызметі нақты мәлімет берген жоқ.
71 жастағы Вонг есімді жергілікті тұрғын әйелі ғимараттардың бірінде қалып қойғанын айтты. 66 жастағы тағы бір тұрғын – Гарри Чунг қатты дыбыс естіп, көрші блоктың лап ете түскенін көргенін жеткізді.
Қазір не сезініп тұрғанымды да білмеймін. Тек бүгін түнде қайда түнеуім мүмкін екенін ойлап тұрмын, – деді 66 жастағы Гонконг тұрғыны.
Куәгерлердің айтуынша, жөндеу жұмыстары жүргізілгендіктен ғимараттардың бір бөлігін қоршаған бамбук құрылыс тіреулері өрт тараған сайын құлап жатқан.
Wang Fuk Court – 1983 жылдан бері қоныстандырылған ірі субсидияланған тұрғын үй кешені. Шамамен 300 мың адам тұратын Тай По ауданы Гонконгтың халқы тығыз орналасқан қала маңының бірі саналады.
Бамбук қалада құрылыс тіреулері үшін әлі де кеңінен қолданылады, алайда билік қауіпсіздік себептерімен металл конструкцияларға біртіндеп көшетінін бұрын хабарлаған.
Өртке байланысты Tai Po Road негізгі автомагистралінің бір бөлігі жабылып, автобус бағыттары өзгертілді.
Өткен жылдың сәуірінде Гонконгтағы тағы бір тұрғын үйде болған өрттен бес адам қаза тапқан еді.