Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Гонконгтағы қасіретті өрт: қалада үш күндік аза тұту жарияланды

29 Қараша 2025, 13:16
591
Бөлісу:
 VCG via Getty Images
Фото: VCG via Getty Images

Гонконг билігі Тай По тұрғын кешеніндегі жойқын өрттен қаза болғандарды еске алу үшін сенбіден бастап қалада үш күндік аза тұту жарияланатынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Барлық мемлекеттік ғимараттарда Гонконг және Қытай ұлттық туы дүйсенбіге дейін төмен түсіріледі, ресми іс-шаралардың барлығы тоқтатылады немесе кейінге шегеріледі. Қала тұрғындары 18 ауданға қойылған арнайы көңіл айту кітаптарына таңғы 9:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жазба қалдыра алады.

Қауіпсіздік жөніндегі хатшы Крис Тан Пин Кынгтің соңғы деректеріне сүйенсек, өрттен 128 адам қаза тапқан, шамамен 200 адам әлі із-түзсіз деп саналады. Жалын тұрғын кешенінің жеті блогын шарпып, оны сөндіру жұмыстары 43 сағатқа созылған. Қаза тапқандардың 39-ы анықталды, қалған мәйіттер қатты күйгендіктен, олардың кім екені анықталып жатыр.

Билік зардап шеккендерге қаржылай қолдауды күшейтті:

  • әрбір қаза тапқан адамның жанұясына 200 мың гонконг доллары беріледі;
  • келесі аптадан бастап қосымша 50 мың гонконг доллары төлене бастайды.
  • Мемлекет кремация мен жерлеу шығындарын толық өз мойнына алады.

Гигиена департаменті кремация орындары мен колумбарийлерді дайындауға кіріскен.

Қала тұрғындары қайғылы оқиғадан кейін қалпына келтіру жұмыстарына белсенді атсалысып жатыр, ал билік өрттің себебі бойынша тергеу жүргізуде. Қазірдің өзінде 11 адам қамауға алынған.

Сенбі күні таңғы 8:00-де қала басшысы Джон Ли Ка-Чиу министрлер кабинетімен бірге қаза тапқандарды үш минут үнсіздікпен еске алады.

Бұған дейін Гонконгта соңғы жетпіс жылдағы ең ірі өрттің ауыздықталғаны хабарланған болатын.

Айта кетейік, Wang Fuk Court кешеніндегі өрт Гонконг тарихында тұрғын үйдегі ең көп адам өліміне әкелген оқиға болды. Тұрғын үй кешеніндегі шамамен төрт мың тұрғынның өміріне қауіп төнді. Өрт бамбуктан жасалған сөрелерге косметикалық жөндеу жүргізу үшін орнатылған құрылыс заттарына темекі тұқылы тасталғаннан тұтанған болуы мүмкін.

Өзгелердің жаңалығы