Елде эпидемиологиялық маусым басталғалы бері тұмауға шалдыққандар саны күн санап артқан. Эпиджағдайға алаңдауға негіз бар ма? Бұл сұраққа Денсаулық сақтау министрлігі жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңізге белгілі, күз бен көктемнің кезі – өтпелі уақыт. Қазақстанда ғана емес, бізге климаты ұқсас елдерде вирустық аурулардың таралу қаупі жоғары болады. Дегенмен де, былтырғы жылмен салыстырғанда қазіргі кезде жіті респираторлық вирустық аурулармен ауыру былтырғыдан жоғары емес. Сондай-ақ гриппен ауырудың да көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда төмен, - деп түсіндірді Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов Үкіметте өткен баспасөз брифингінде.
Айтуынша, балалар инфекциялық ауруханасында уақытша жүктеме болуы мүмкін.
Оған түсіністікпен қарағанымыз дұрыс. Бір уақытта көп науқас ауруханаға түссе, жүйеге де салмақ түседі. Қазір әсіресе үлкен қалалардағы стационарларға науқастар көптеп келіп жатқаны рас. Бірақ ешқандай эпидемиялық жағдайда емес. Жылдар бойы өтіп жатқан тұрақты жайт. Бізге төніп тұрған қауіп жоқ, - деді Тимур Мұратов.
Сондай-ақ ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова да алаңдауға негіз жоқ деп отыр.
Елімізде жыл сайын эпидемиологиялық маусым қыркүйектің аяғынан басталып, сәуір айының аяғында аяқталады. Қазіргі күні эпиджағдай бақыланатын деңгейде. Бүгінгі таңда грипп вирусы таралуда. Бұқаралық ақпарат құралдары «гонконг тұмауы» деп те жазып жатыр. Бұл ешқандай да жаңа вирус емес, - деді Роза Абзалқызы.