Головкиннің жекпе-жегін қарап шыққан Оразалин дауыс берді

9 Маусым 2019, 10:55
2303
Бөлісу:
Головкиннің жекпе-жегін қарап шыққан Оразалин дауыс берді

Ақтөбе, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин бүгін өз таңдауын жасады. №67 сайлау учаскесінде ол қала тұрғындарымен бірге дауыс берді.

18 жасынан бері Ақтөбедегі №4 орта мектептегі сайлау учаскесіне тіркелген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин көп жылдардан кейін туған жерінде дауыс берді. Жергілікті сағат 9-да №67 сайлау учаскесіне келіп, таңдауын жасады.

"Осы учаскеге тіркеліп, әрдайым дауыс беріп келе жатқан азаматтардың бірімін. Қызмет бабымен бұрын Астана, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлауларға қатысатын едім. Қызмет бабымен Ақтөбеге келіп, сайлауға қатысқаныма қуаныштымын. Өз болашағына үлкен сеніммен, жауапкершілікпен қарап, келешекке тілек тілеген белсенді азаматтарды көргенде көңіліміз көтеріледі. Азаматтардың белсенділігін еліміздің саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық  дамуына ерекше мән беруі қосқан үлесі деп түсінуге болады. Бүгінгі сайлау тәуелсіздіктің нығаюына демократиялық жолмен нық қадам басқаны деп ойлаймын", - деді Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.

Саяси науқанда дауыс бергенге дейін Оңдасын Оразалин елді теледидарға телмірткен қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің жекпе-жегін қарап шыққан. Аймақ басшысы демалыс күні отбасымен де уақыт өткізіп, қызметті атқаруға да уақыт табуға  болатынын айтты. Ал, №67 сайлау учаскесінде 2683 адам  тіркелген.

"Барлық адамға шақыру қағазы жіберілді. Сайлау учаскесіне алғаш келген 40 адамға және сайлауда тұңғыш рет дауыс берген жандарға да сыйлықтарымыз бар. Алғаш дауыс беретін адамдардың әзірге алтауы келді. Ең үлкен дауыс беруші 83 жаста. Үйінде дауыс беруді қалағандар да бар. Олардың саны - 33. Таңғы сағат 7-ден 9-ға дейін 200-ден астам адам дауыс беріп үлгерді", - деді №67 сайлау учаскесі комиссия төрайымы Алмагүл Ұзақбаева.

Дауыс беру науқанын бақылауға 6 адам келген. Қатарында тәуелсіз бақылаушылармен қатар партия өкілдері де бар.

"Бақыт бастауы" партиясының өкілімін. Сайлау учаскесіне таңғы сағат 6.50-де келдім. Комиссия төрайымы барлығын түсіндірді. Тұрғындар дауыс беріп жатыр. Әзірге кемшіліктер анықталмады", -  деді "Бақыт бастауы" партиясының бақылаушысы Жандос Ахметолы.

Өзгелердің жаңалығы