Гоа жағажайында демалмақ болған туристі бұқа сүзіп тастады

15 Қаңтар 2024, 19:51
666
Бөлісу:
Гоа жағажайында демалмақ болған туристі бұқа сүзіп тастады

Үндістанның Гоа штатындағы курорттық аймақта 79 жастағы британиялық туриске бұқа шабуыл жасаған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Herald Goa басылымына сілтеме жасай отырып Tengritravel.kz мәлім етті.

Басылымдағы ақпаратқа сәйкес, оқыс оқиға биыл 4 қаңтарда болған.

Зардап шеккен турист, 79 жастағы британиялық Ивон Морриш оқиғаның мән-жайын баяндап берді. Сөзінше, 2 қаңтарда ол Гоаға келіп, Бенаулим қонақүйіне жайғасқан. Демалысының әр күнін жағажайдағы серуенмен бастап жүрген ол 4 қаңтарда оқыс оқиғаға тап болған. Белгілі болғандай, жағажайда жайылып жүрген бұқаға ит шабуыл жасап, салдарынан бұқа ойқастап жүгіре жөнелген. Өкінішке қарай, ашуға булыққан бұқа алдынан кезіккен Морриштің санын сүзіп өткен. Салдарынан ол оңбай құлап, аяғы мен басын жарақаттап алады. Басылым атап өткендей, құтқарушылардың бірі туристі арашалап алмақ болып жүріп, бұқаға өзі де соқтығысқан көрінеді. Дегенмен құтқарушының қазіргі жағдайы белгісіз. 

Куәгерлер жақын маңдағы дәмхана қызметкерлерінің көмегімен жедел жәрдем шақыртқан. Ал жергілікті тұрғындар туристі жағажайдан басты жолға жеткізіп берген. Сөйтіп жедел жәрдем қызметі оны Оңтүстік Гоа аудандық ауруханасына жатқызған.

Колва полициясының басшысы Сандеш Гадкер ауруханаға барып, зардап шекке туристің жағдайын білді. Қазір полиция туристі сүзіп тастаған бұқа иесін іздестіріп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы