Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы «Global Project Excellence Awards» IPMA дүниежүзілік конкурсында «Әлеуметтік/өңірлік даму/қоғамдық қызмет көрсетулер» санаты бойынша алтын номинацияға ие болды.
Конкурста Қазақстан «Бірінші Ұлттық конкурсты және «Qazaqstan PM Awards – 2020» мемлекеттік басқарудағы жобалық менеджментті жетілдіру жөніндегі форумды өткізу» жобасын таныстырды.
Халықаралық деңгейдегі бұл жоғары марапат – әлемдік жобалық қоғамдастықтың Қазақстанда жобалық басқаруды енгізу бойынша қабылданып жатқан қадамдарды мойындауы, олардың халықаралық стандарттарға сәйкестігі мен беделінің артуы.
Өздеріңізге мәлім, Project Excellence Award – Халықаралық жобаларды басқару қауымдастығы (IPMA) өткізетін жыл сайынғы конкурс. Оған әлемдегі түрлі саладағы жобаларды іске асыратын ұйымдар қатысады. IPMA Еуропа, Азия, Африка, Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Америка, сонымен қатар Австралия тәрізді әлемнің 70 еліндегі жобалық басқару саласындағы мамандарды біріктіреді.
Сонымен қатар «Орталық мемлекеттік органдағы үздік жоба» номинациясы бойынша 1-орынды Қазақстан Республикасының Жоғары Соты алды («Мінсіз судья»).
«Жергілікті атқарушы органдағы үздік жоба» номинациясы бойынша 1-орын Шымкент қаласының әкімдігіне берілді («VR-ролик цитадели»).
«Орталық мемлекеттік органның үздік жобалық менеджері» номинациясы бойынша 1-орынды Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен Байтүсіпова Сәуле иеленді.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік орган қызметіне жобалық басқаруды іс жүзінде енгізу Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2020 жылғы қаңтардан бастап жүзеге асырылуда.