Гидротехникалық құрылыстар қағаз жүзінде ғана тексеріледі – сенатор

Кеше, 19:29
355
Бөлісу:
Гидротехникалық құрылыстар қағаз жүзінде ғана тексеріледі – сенатор
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Қазақстанда гидротехникалық құрылыстарды пайдалану және жөндеу саласында көптеген заң бұзу деректері анықталып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елді мекендерді сел мен су тасқынынан қорғауға арналған нысандар тиісті бақылаудан тыс қалған. Тексерулер тек атүсті жүргізіледі, ал жөндеу жұмыстары кейінге шегеріледі. Сенатор Андрей Лукин Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында осы мәселелерді көтерді.

Гидротехникалық құрылыстарды тексеру жұмыстары тек қағаз жүзінде ғана бар. Соңғы үш жылда жоспарға 729 нысан енгізілгенімен, іс жүзінде бұл жұмыстар орындалмаған. Мысалы, 2021 жылы Үлкен Алматы өзенінің бассейнін тексеру бойынша екі акт жасалды, алайда олардың арасындағы айырмашылық бір ай болса да екі жағдайда да бірдей фотоматериалдар тіркеуге алынған. Мұндай жағдайлар басқа нысандарда да, оның ішінде Ақсай өзеніндегі қорғаныс бөгеті мен Кіші Алматы өзенінің арнасын тұрақтандыру жұмыстарына да көрініс тауып отыр, – деді сенатор Андрей Лукин.

Жаңа нысандарды жобалау мен салу барысында да заң бұзу деректері анықталған. Үлкен Алматы өзенінің бассейніндегі сел бөгетін салу кезінде аймақтағы тектоникалық жарықтардың бар екені ескерілмеген. Сейсмикалық қауіпті аймақта құрылыс салуға мүлде жол берілмеуі керек. Сонымен қатар, бас мердігер жұмыстардың 95%-ын қосалқы мердігерге берген, бұл заңнамаға қайшы. Тексеру нәтижесінде жоба бойынша орындалмаған жұмыстардың құны 2,2 миллиард теңгені құрағаны анықталды.

Тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен барлық гидротехникалық құрылыстардың жағдайына толық тексеру жүргізуді, апатты нысандарды жедел жөндеу жоспарын әзірлеп, қаржыландыруды қамтамасыз етуді, табиғи апаттардың алдын алу және салдарын жою жөнінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бақылауды күшейтуді, жобалау және құрылыс кезіндегі заң бұзу деректерін мұқият зерттеуді, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың жауаптылық дәрежесін анықтауды қажет деп санаймыз, – деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы