4 маусымда Германияда жоғалып кеткен Айгүл Сайлыбаеваның денесі табылды, деп хабарлайды BAQ.KZ неміс басылымына сілтеме жасап.
Bild газетінің мәліметінше, Германияда экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның зорлық белгілері бар мәйіті табылды.
Дене пластикалық қапшықта болды, әйел қайтыс болғанға дейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Іс бойынша 35 тергеуші жұмыс істеп жатыр. Оның үйінде тінту жұмыстары жүргізілді, - деп жазады Bild.
СІМ де бұл ақпаратты растап отыр.
Германия қылмыстық полициясының Қазақстан Республикасының Франкфурттағы Бас консулдығына берген ақпаратына сәйкес, 16 маусымда Бенсхайм қаласының маңында әйелдің мәйіті табылды. Криминалистер сот-медициналық сараптама жүргізуде. Өз кезегінде, полицияның ауызша алдын ала берген ақпаратына сәйкес, сыртқы белгілері бойынша мәйіт ҚР азаматы Айгүл Сайлыбаева деп танылды. Қазіргі уақытта марқұмның туыстары Германияда және оларға барлық қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде, - делінген СІМ таратқан хабарламада.
ГФР құқық қорғау органдары тиісті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Бұл іс туралы өзге ақпарат тергеу мүдделері үшін жарияланбайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан азаматы Қанат Сайлыбаев Германияда әпкесі Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткенін хабарлаған болатын. Айгүл Сайлыбаева - Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы және “Болашақ” бағдарламасының түлегі. Сонымен бірге, ағасының айтуынша, Айгүл ұзақ уақыт бойы күйеуі мен енесінен зорлық-зомбылық көрген.
СІМ-де Германияда жоғалған қыздың ісі ерекше бақылауда екенін айтқан болатын.