Германияның Төменгі Саксония жерінде болған жол апатынан кемінде 15 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды BAQ.KZ Stern басылымына сілтеме жасап.
Апат №4 федералды тас жолда, Гифхорн ауданы маңында орын алған. Алдын ала мәлімет бойынша, Нидерландыдан келген туристік автобус жолдан шығып кетіп, бірнеше ағашқа соғылған. Автобуста 25-тен 30-ға дейін жолаушы болған. Қазіргі таңда зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетілуде.
Қаза тапқандар жоқ. Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндіру қызметі мен жедел жәрдем тобы жолаушыларды эвакуациялады, – деді жергілікті төтенше жағдайлар қызметінің өкілі.
Апаттың нақты себептері әзірге белгісіз. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін 29 маусымда Танзанияда екі автобустың қатысуымен болған ауыр апат салдарынан кемінде 38 адам қаза тауып, тағы 28 адам жарақат алғаны хабарланған болатын. Ол жол-көлік оқиғасы кезінде автобустардың бірінің алдыңғы дөңгелегі жарылып, салдарынан көліктер соқтығысып, кейін екеуі де өртеніп кеткен.