Германияда екпенің алғашқы дозасын 20 млн адам алған

27 Сәуір 2021, 23:37
1483
Бөлісу:
Германияда екпенің алғашқы дозасын 20 млн адам алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Германияның 20 миллион азаматы коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алып үлгерген. Бұл ел халқының шамамен 24 пайызы.

Бұдан бөлек, тағы 6 миллион адамның иммундық қорғанышы бар. Сарапшылардың пайымдауынша, бүгінде Германияда ел азаматтарын вакциналау қарқынды жүріп жатыр. 60-тан асқан кісілер, дәрігерлер, мұғалімдер мен полицейлердің бәріне екпе салынуда. Бірақ билік өкілдері маусымнан бастап вакцина егуде қандай да бір топқа басымдық беруді тоқтатпақ екен. Осылайша кез келген адамның коронавирусқа қарсы препаратты салдыруына мүмкіндік берілмек.

Германия канцлері Ангела Меркельдің айтуынша, вакцина алған ел азаматтары шетелден оралғанда оқшаулану міндетті емес. Сонымен қатар музейлер мен концерттерге, дүкендер мен шаштаразға бара алады.

Айта кетерлігі, қазір мұнда сұлулық салонына бару үшін коронавирусқа тестілеуден өту қажет.

Вакцина егуге басымдық берілген топтар маусым айында болмайды. Бірақ бұл осы сәттен бастап кез келген адам вакцина салдыра бастайды дегенді білдірмейді. Екпе алу үшін алдымен оған жазылып, кезекке тұру керек болады, – деп мәлімдеді Германия канцлері Ангела Меркель.


Өзгелердің жаңалығы