Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Германияда пәтерақының бағасы жыл сайын шарықтап барады. Мысалы, соңғы 12 жылда Мюнхенде жалдамалы пәтердің бағасы 61%-ға өссе, Берлинде 70%-ға қымбаттаған, деп хабарлайды 24.kz.
Жергілікті тұрғындар бұған алаңдаушылық білдіріп, биыл елдің 18 қаласында наразылық акциясына шықты. Тіпті референдум өткізу үшін 77 мың қол жинады. Құжат Берлиннің Сенатында қаралғаннан кейін билік әзірше 5 жыл бойы жалдамалы пәтердің бағасы өзгеріссіз қалады деген шешімге келді. Енді жаңа заң жобасын Сенат мүшелері мақұлдауы керек. Бұл идеяны саясаткерлер жақтағанымен пәтер иелері қарсылығын білдіруде. Ал заңға бағынбағандар 500 мың еуроға дейін айыппұл төлейді."Жаңа заң жобасына қарамастан жалдамалы пәтердің бағасы сол күйінде қалады деп ойламаймын. Тіпті ондаған пәтері барлар да «айыппұл төлеймін» деп сескеніп отырған жоқ. Өйткені Германияда баспана жеткіліксіз. Сондықтан билік елде құрылыс жұмыстарын тоқтатпау керек", - деді маклер Татьяна Кёппэ.