Соңғы 25 жылда алғаш рет Германиядан кеткен поляктардың саны бұл елге көшіп келгендер санынан асып түсті. Бұл туралы rmf24 поляк радиостанциясы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Басылым мәліметінше, 2024 жылы Германиядағы көші-қон сальдосы минус 12 068 адамды құраған. Атап айтқанда, жыл ішінде 88 388 поляк Германиядан кетсе, 76 320 адам ғана елге қоныс аударған.
Сарапшылар бұл үрдісті «кері көші-қон» құбылысы ретінде сипаттайды. Олардың пікірінше, поляктардың жаппай кетуіне Германиядағы экономикалық жағдайдың нашарлауы, еңбек нарығындағы тұрақсыздық, сондай-ақ кейбір әлеуметтік кемсітушілік факторлары әсер еткен. Сонымен қатар соңғы жылдары Польшаның экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тартымдылығы артып келеді.
Қазіргі уақытта Германияда 860 мыңнан астам поляк тұрады. Бұл көрсеткіш оларды елдегі шетел азаматтары арасында саны жағынан бесінші орынға шығарады. Ал поляк тегі бар адамдардың жалпы саны шамамен 2,2 миллионға жетеді.
Сарапшылардың айтуынша, Германиядағы поляктар қоғамға жақсы бейімделген және елдің еңбек нарығында маңызды рөл атқарып келеді.