Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер федералдық канцлер Олаф Шольц пен ол жасақтаған үкіметтің 14 министрін отставкаға жіберді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Deutsche Welle таратқан ақпаратқа сәйкес, Берлиндегі Бельвю президенттік сарайында салтанатты шара барысында оларға отставкаға кету туралы куәлік тапсырылған.
ГФР конституциясының 69-бабына сәйкес, канцлер мен министрлер жаңа бундестаг шақырылған күні жұмыстарын тоқтатады. 25 наурызда оның алғашқы отырысы өткен.
Алайда Штайнмайер Шольц пен ол жасақтаған барлық 14 министрді уақытша міндетін атқарушы ретінде бірнеше апта орындарында қала тұруға шақырған. Мұндай процедура заң аясында қарастырылған.
Осылайша, канцлер мен министрлер жаңа үкімет құрылғанша жұмыстарын жалғастырады. Бұған дейін Христиан-демократиялық одағы/Христиан-әлеуметтік одағы блогынан канцлер лауазымына үміткер Фридрих Мерц жаңа үкіметті 20 сәуір – Пасха мерекесіне орай құруға уәде берген.
Штайнмайер министрлерге алғыс айтып, Шольцті атқарған еңбегі үшін "парасат дауысы" деп атады.
2024 жылдың соңында бундестаг Шольцке сенімсіздік вотумын жариялаған болатын.