Франкфурт – Астана рейсінде 48 жастағы Германия азаматы мас күйде шу шығарып, экипажға бағынбаған. Полицейлер оны ұшақтан түсіріп, үш бап бойынша жауапқа тартты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Франкфурт – Астана бағытындағы әуе рейсі келген соң, әуежайдағы желілік полиция бөліміне акт бойынша 48 жастағы Германия азаматы тапсырылған. Ол ұшу кезінде мас күйде болған.
Полицейлердің анықтауынша, ер адам өзін агрессивті ұстап, қатты дауыспен балағаттап, экипаж мүшелерінің заңды талаптарына бағынбаған.
Құқық бұзушыға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің үш бабы бойынша шара қолданылды:
- қоғамдық орында мас күйінде жүру;
- ұсақ бұзақылық жасау;
- әуе кемесіндегі тәртіп ережелерін бұзу.
Ішкі істер министрлігі заң бәріне ортақ екенін еске салды: ұшақ бортындағы тәртіп бұзушылықтар жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігіне қатер төндіреді және азаматтың қай елге тиесілі екеніне қарамастан, қатаң жауапкершілікке тартылады.