ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің төрағалығымен Мемлекеттік рәміздер мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалар геральдикасы мәселелері жөнінде республикалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында еліміздің геральдикалық рәміздерін одан әрі жетілдіруге қатысты мәселе көтергені мәлім. Осы орайда Комиссия мүшелері бұл жұмысты ұйымдастыру тәсілдерін талқылады.
Бұдан бөлек, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің мемлекеттік рәміздерді пайдалану, қолдану және насихаттау жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен қатар отырыс барысында мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде кемшіліктерге жол берген кейбір өңірлерге ескерту жасалды. Сондай-ақ белгіленген стандарттарды сақтау мақсатында өкілетті органдарға мемлекеттік рәміздерді дайындайтын мекемелермен тиісті жұмыс жүргізу ұсынылды, - делінген таратылған ақпаратта.
Жиын соңында Ерлан Қарин құзыретті органдарға мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насихаттау бағытындағы жұмыстарды бақылау ісін күшейту жөнінде бірқатар тапсырма берді.