Германиядағы Аахен университет клиникасының гастроэнтеролог-гепатологы, Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының профессоры және консультанты, GHTG.kz вице-президенті Қахарман Есмембетов С гепатитінен емделген адамның қанында вирус қалмайтынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Науқасты С гепатиті ауруынан толық емдеуге болады. Бұл аурумен ауырған науқастың қанында вирус қалмайды. Ал В гепатитінен толық емдеу қиын. Негізі ол теориялық тұрғыда мүмкін болғанымен, бірақ С гепатитіне қарағанда күрделірек. Сондықтан гепатиттің бұл түрімен ауырған науқастар болашақта қан тапсыра алмайды, - деп айтты гастроэнтеролог-гепатолог.
Дәрігердің сөзінше, қан тапсырған кезде қауіп болады.
Қанда вирус қалып қоюы мүмкін. Кейбір жағдайларда вирус асқынып, қайта пайда болуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан ол қауіп өте кішкентай болса да, оны болдырмау мақсатында қан құйылған науқасты сақтандыру үшін қан құйылмайды. Бұл әлемде бар тәжірибе. Бәрі осылай жасайды, - дейді ол.
Сондай-ақ дәрігер гепатиттің қалай алдын алуға болатынын айтқан болатын.
Елордада қазақстандық және шетелдік гепатологтар мен гастроэнтерологтардың басын қосқан «Gastro Hepato Transplant News-2024. Гепатология мен гастроэнтерологиядағы өзекті мәселелер» тақырыбында халықаралық VIІ ұлттық конгресс өтіп жатқанын еске сала кетейік.