Шикізат пен қаптама құнының өсуі, геосаяси себептер салдарынан логистикалық байланыстардың үзілуі, балмұздақ нарығының жалпы төмендеуіне байланысты объективті факторларға қарамастан «Шин-Лайн» компаниясы балмұздақ өндірісін арттырған. Бұл туралы «Шин-Лайн» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дмитрий Докин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өндіріс көлемі артты
Статистика жөніндегі ұлттық бюроның мәліметінше, биыл жарты жылдықта Қазақстанда балмұздақ өндірісі былтырға қарағанда 17%-ға төмендеген. Импорт 3%-ға төмендеп, экспорт 33%-ға өскен. Ал «Шин-Лайн» өндіріс көлемін 7%-ға, қаржылық көрсеткішін 42%-ға арттырған. Euromonitor тәуелсіз компаниясының бағалауынша, «Шин-Лайн» үлесі 40,5%-ға дейін өскен. 2022 жылдың соңына дейін компания 18 100 тонна өнім өндірмек.
Биыл «Шин-Лайн» компаниясы Орталық Азиядағы аса ірі балмұздақ өндірушісі атанып қана қоймай, ЕАЭО-дағы 10 аса ірі балмұздақ өндірушілер қатарына енді. Қазақстандық өндіруші Streda Consulting компаниясы құрастырған рейтингте Ресей ұлттық сүт өндірушілер одағымен және Milknews ақпараттық агенттігімен бірлесе 8-ші орынды иеленді және рейтингтің алғашқы ондығына енген ресейлік емес жалғыз компания болды.
ЕАЭО-тың аса ірі өндірушілерінің алғашқы ондығына ену біз үшін күтпеген жағдай емес. Осы нәтижеге жоспарлы түрде жүріп жеттік. Өндірісті ұлғайттық, инновациялық технологияларды енгіздік, өнім ассортиментін кеңейттік. Тұтынушылардың талғамын зерттеп, үнемі сапаны жақсартуға тырыстық. Компания жыл сайын өнім көлемін 20-25%-ға өсіруді және жаңа заманауи өнімдерді шығаруды жоспарлап отыр. 2026 жылы бестікке кіру мақсатымыз, - деді «Шин-Лайн» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы.
Балмұздақ жасайтын шикізаттың көбі шетелден келеді
Дмитрий Докин балмұздақ өндіруге қажет шикізат пен қаптаманы шетелден әкелуде бірқатар мәселе бар екенін айтты.
Қазақстан шикізат пен қаптаманы көбінесе Қытайдан алады. Оның үстіне пандемия кезінде Ресейде қаптаманың бағасы өссе, Қытайда баға өзгермеді. Бірақ елге әкелу қиын болды. Контейнерлер Қытайда көлік кептелісінде тұрып қалып, үш аптада алатын шикізат пен қаптаманы бір ай, кейде екі-үш ай күттік. Мысалы, печенье салынған контейнер бізге алты айда келді. Қазір кептеліс былтырға қарағанда азайды, бірақ әлі де бар, - деді Дмитрий Докин.
Ол Ресей арқылы тасымалдау геосаяси жағдайға байланысты қиын екенін, сол себепті Еуропадан келетін шикізат Ресей Федерациясы арқылы өте алмай, Қазақстанға Польша, Болгария, Румыния, Түркия, Әзірбайжан арқылы келетінін айта кетті. Компания логистикалық тізбек ұзарған соң Түркия мен Ираннан оларды алмастыратын шикізатты тез арада іздеп табуға тура келген.
Ресейлік тасымалдаушылар басқа елдерден қаптама жасауға қажет бояуларды, жабдықтардың қосалқы бөлшектерін ала алмаған соң, біз де қиындықтарға тап болдық. Шетелдік құрал-жабдық өндірушілері Ресей Федерациясының аумағында қоймаларды толықтыруды тоқтатты. Негізгі жабдықтарымыз Дания, Германия, Италия және Польшадан келеді. Барлық төрт өндіруші компания Ресейге қосалқы бөлшектер жеткізуден бас тартты. Ресейдегі қосалқы бөлшектері бар қоймалар жабылды, енді Еуропадан алуымыз керек, - деді «Шин-Лайн» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы.
Қазақстанда балмұздақ қаптамасы, қақпағы бар контейнерлер өндірілмейді. Сол себепті бұл мәселе қазақстандық кәсіпкерлерге қаптама өндірісін қолға алуға таптырмас мүмкіндік дейді ол.
Алматыдағы кәсіпкерлер мейрамхана ашып жатады, бірақ қаптама шығаратын баспаханаға ашуға инвестиция салмайды. Өзімізде өндірілсе Ресейден емес, Қазақстаннан сатып алар едік. Қазақстандық өндірушілерге технологиялық жағынан көмектесуге дайынбыз. Бұл кәсіпті қиын деп санайтындықтан ешкім ақша салғысы келмейды. 90-шы жылдары технологиялық жағынан қаптама жасау қиын болған шығар, бірақ қазір оны шығару қиын емес. Дизайнерлеріміз әдемі заттаңба жасаса дейміз. Оларға көмектесуге дайынбыз, бірақ өндіріс елімізде жоқ. Басып шығаруға ақша бөлмейді. Қаптамалар Ресей мен Қытайда шығарылады. Құймақтарды Ташкенттен әкелеміз. Өндіріске қажеттің барлығын Қазақстаннан алғымыз келеді, бірақ жоқ болғандықтан мүмкін болмай тұр. Қазақстанда әлі күнге дейін неге шығарылмайтынын түсінбеймін, - деді спикер.
Сүт пен қант тапшылығы қалай шешілді?
Сарапшы балмұздақ өндіруге қажет негізгі шикізат сүттің кейінгі уақытта қатты қымбаттағанын айтып отыр.
Сүтті негізінен Қазақстаннан сатып аламыз. Өндіріске жетпей жатса Қырғызстаннан аламыз. Оның үстіне Бішкекте май, майсыз құрғақ сүт шығаратын зауытымыз бар. Ол жерде шығарылатын өнімдерді осында да қолданамыз. Бірақ біздің Бішкектегі зауыт бізді сүтпен толық қамтамасыз ете алмайды, сондықтан Белоруссиядан да алып жатырмыз, - деді Дмитрий Докин.
Компания Еуропа елдері мен Біріккен араб әмірліктеріне экспорттауды көздейді
Компания өнімдерін Өзбекстанға, Ресейге, Монғолияға, Әзербайжанға шығарады. Грузияға экспорттау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Шығыс Еуропаға шығу жоспарда бар. Бірақ ол үшін еурономер қажет. Алматы іргесіндегі Байсерке ауылында жаңа зауыт салып жатырмыз. Сол жерде еуропалық стандартқа сай сертификаттаймыз. Дегенмен оған бір жарым жыл қажет, - деді спикер.
«Шин-Лайн» компаниясы БАӘ нарығына шығуды жоспарлап отыр. Ол үшін өнімдердің халал сертификаты болуы керек.
Өндірісте қолданылатын барлық ингредиенттер халал стандартына сай келуі қажет. Олай болса балмұздақтарымыздың құны араб нарығында ғана емес, елімізде де көтеріледі. БАӘ-ге экспорт 1,5%-дан аспаса, онда бұл нарық бізге керек пе деген сұрақ туындайды. Сондықтан әзірше халал сертификатына жұмсайтын қаржы ақталуы үшін әмірліктерге қандай көлемде балмұздақ сата алатынымызды зерттеп жатырмыз, - деді Дмитрий Докин.
Сондай-ақ, компания халқы балмұздақ жақсы көретін Иран нарығына да шығуды көздеп отыр. Бірақ импортқа салынатын 55% баж салығын алып тастау үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінен көмек сұрайды. Келесі маусымнан бастап Грузияға өнімдерін жеткізуді мақсат етеді.