Заң жобасының нәтижесінде 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тарту көзделген, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң жобасындағы басты жаңалықтар қандай?
- Шегінде шектеулі өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе жүргізілген, олардың нәтижелері бойынша перспективалы шөгінді бассейіндер анықталмаған аумақтар аз зерттелген аумақтар деп танылатын норма енгізілді.
- Инвестордың сенімін қамтамасыз ету үшін, енді өз қаражаты есебінен аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау және өндіру кезеңіне басым және кепілді құқықпен өте алады. Бұл үшін бірінші 3 жыл ішінде келісімшарт аумағының кемінде 30%-ын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі.
- Резервтегі учаскелердің тиімді айналымын қамтамасыз ету. Қазір көмірсутек саласындағы ұлттық компанияларға 53 жер қойнауы учаскесі резервке бекітілген. Бірақ олардың тек 20%-ы ғана игеріле бастады. Қалғандары ұзақ жылдар бойы айналымнан тыс тұр.
- Уран саласындағы ұлттық компанияға басымдық беру. Әлемдік экономикада уранның маңызы артып келеді. Көптеген елдер атом энергетикасын қайта дамыта бастады. Сондықтан уран саласындағы ұлттық компанияға жаңа кен орындарын іздеу және игеру бойынша басым құқық беру – стратегиялық шешім. Бұл елдің энергетикалық теңгерімін сақтауға және атом энергетикасы саласында өз үлесімізді арттыруға бағытталған нақты қадам.
Күтілетін нәтижелер қандай?
Заң жобасын қабылдау арқылы біз келесі нәтижелерге қол жеткіземіз. 1 млрд АҚШ доллары көлемінде жаңа инвестиция тарту. Аз зерттелген аумақтардың жер қойнауын барлауға және игеруге жол ашу және жаңа геологиялық ақпарат алу. Көмірсутек саласында инвесторлар мен ұлттық компаниялар үшін тең жағдай орнату. Геологиялық барлау мен өндіру арасындағы алшақтықты қысқартып, ресурстарды өнеркәсіптік айналымға тез енгізу , – деді Еділ Жаңбыршин.
Депутаттың айтуынша, уран саласындағы ұлттық компанияға уранды барлау бойынша басымдық құқығын беру мүмкіндігі қарастырылған.