Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Геннадий Головкин World Boxing ұйымының президенті лауазымына өз канидатурасын ұсынды

24 Қазан 2025, 23:53
465
Бөлісу:
 olympic.kz
Фото: olympic.kz

Атақты боксшы, Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Геннадий Головкин Instagram-дағы парақшасында жазды.

Достар, мен халықаралық World Boxing федерациясының президенті лауазымына өз кандидаттурамды ұсыну туралы маңызды шешім қабылдадым. Менің миссиям – бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, сенімді нығайту және спортшыларды, жаттықтырушылар мен федерацияларды біздің спортты дамыту жолындағы талпыныстарында қолдау. Біздің басты мақсатымыз – Халықаралық Олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізіп, бокстың Лос-Анджелес-2028, Брисбен-2032 және алдағы Олимпиада ойындарындағы орнын бекіту. 23 қараша күні біз бокстың жарқын болашағына қарай маңызды қадам жасаймыз, – делінген жазбада.

Айта кетсек, аталған ұйымның жаңа президентін сайлау 23 қарашада Рим қаласында World Boxing конгресі аясында өтеді. Сондай-ақ конгресс барысында федерация Атқарушы комитетінің мүшелері де таңдалады. Қазіргі таңда WB құрамына кіретін 125 елдің өкілдері дауыс беруге қатысады.

Геннадий Головкин - Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2004 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, 2003 жылғы әлем чемпионы. Кәсіби рингте IBF (2015-2018, 2019-2023), IBO (2011-2018, 2019-2023) және WBA (2010-2018, 2022-2023) тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанған. Ол қатарынан 23 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңіп, орта салмақ тарихында ең жоғары нокаут көрсеткіші үшін Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Өзгелердің жаңалығы