Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин стамбұлдық делегацияны бастап келген Түркияның Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы басқарма төрағасы Вахит Йылдырымды қабылдады.
Аймақ басшысының баспасөз қызметінне хабарлағандай, кездесу барысында аймақ басшысы түркиялық компаниямен облысымыз арасындағы екі жақты байланысты одан әрі нығайту бағытында көптеген жұмыстар атқарылатынын атап өтті.
«Біздің аймағымыз үшін Түрік компаниясымен бірлескен индустриялық аймақ құрудың пайдасы өте зор. Өздеріңіз де жақсы білесіздер, шетелдік инвесторлар үшін Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы өте қарқынды, тартымдылығы жағынан мүмкіндігі көп өңір. Бұл өз кезегінде аймақтың дамуына мүдделі әлеуетті инвесторларды тартуға көп мүмкіндік береді. Келешекте «GOSB» компаниясымен өзара ынтымақтастық жөнінде қол қойылған меморандум біраз игі бастамаларға жол ашады деп сенемін. Біз өз тарапымыздан аталған жобаларды қолдауға және орналасатын орындарымен қамтамасыз етуге толықтай кепілдік береміз», - деді Оңдасын Оразалин.
Кездесу соңында аймақ басшысы түрік компаниясына өз алғысын білдіріп, аталған жобаларға жан жақты қолдау көрсету үшін «Ақтөбе» ӘКК мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Айта кетейік, «Ақтөбе» ӘКК-ы мен Түркияның Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы (GOSB) арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.
Жалпы, Gebze – Түркиядағы ең үлген индустриялық аймақ, онда әлемдік компаниялардың 40%-ы шоғырланған. Экспорттың жылдық көлемі – 29 миллиард долларды құрайды. Gebze ұйымдасқан өндірістік аймағы (GOSB) Стамбұл мен Қожаелі қалаларының шекарасындағы Гебзе провинциясында орналасқан. 1986 жылы құрылған. Аймақ резиденттері машина құрастыру, IT саласы, азық-түлік дайындау, пластмасса, электроника және тағы басқа өнімдері шығарумен айналысады.