Қазақстанда газ баллонды жабдығы бар автомобильдер арнайы белгі орнатуға міндетті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанда азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стандарттарды жақсарту бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.
Мәселен, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Төрағасының 2023 жылғы 24 қарашадағы № 466-нк бұйрығымен ҚазСтандарт әзірлеген ҚР СТ 1412-2017 «Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары. Қолдану қағидалары» ұлттық стандартына толықтырулар енгізілді. Өзгерістер 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
Осы стандарт міндетті болып табылады, өйткені ол Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығымен бекітілген Жол қозғалысы қағидаларында сілтеме түрінде көрсетілген.
Газға қайта жабдықтау әрқашан барлық қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілмейді. Өкінішке қарай, кейде мұндай көлік құралдары біздің азаматтар үшін қауіпті болуы мүмкін. Осыған байланысты газға қайта жабдықталған көлік құралдарының жабық тұрақтарға кіруіне тыйым салынады. Дәл осындай автомобильдерді сәйкестендіру және мұндай тыйымдарды әкімшілендіру үшін арнайы белгі енгізілді, - деп атап өтті Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев.
Өзгеріс газ баллонды жабдығы бар автомобильдерге арнайы белгіні міндетті түрде орналастыруды енгізеді, ол қара түсті жиегі бар және «GAS» леп белгісі жазбасы бар сары түсті теңбүйірлі үшбұрыш болып келеді. Бұл белгі жабық паркингтерге кірген кезде көлік оңай танылатындай етіп орнатылуға тиіс.
Жаңа нормалар сонымен қатар газбен жүретін көліктерді жабық тұрақ аймақтарында тұраққа қоюды тиімді бақылауға және тыйым салуға мүмкіндік береді. Бұл сайып келгенде азаматтардың жалпы қауіпсіздігіне ықпал етеді.