Израиль армиясы қоршауда ұстаған Газа секторында соңғы тәулікте аштық пен қатты тамақ жетіспеушіліктен тағы 5 палестиналық көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2023 жылдың 7 қазанынан бері Газада аштықтан қайтыс болғандардың саны 447-ге жетті. Оның ішінде 147-сі – балалар.
БҰҰ қолдауымен жұмыс істейтін Азық-түлік қауіпсіздігі фазаларын интеграциялы жіктеу ұйымы (IPC) 22 тамызда жариялаған баяндамасында Газа қаласында «қасіретті ашаршылық» орын алғанын растады. Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылдың қыркүйек айының соңына қарай бұл жағдай Дейр-эль-Балах пен Хан-Юнус қалаларына да таралуы мүмкін.
15 тамыздағы мәліметке сүйенсек, Газа секторы IPC жіктеуіндегі ең ауыр – бесінші деңгейге жетті.
22 айдан астам уақытқа созылған шабуылдардың салдарынан жарты миллионнан астам адам аштық, кедейшілік пен өлім қаупінде өмір сүруде, – делінген баяндамада.
Тек 22 тамыздан бері аштықтан 150 палестиналық, соның ішінде 31 бала қаза тапқан.
Газа аштықтан қырылып жатыр
Газа секторы Израильдің қатаң қоршауында қалып, гуманитарлық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Аймақта аштық жаппай таралып, ауызсу, дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың тапшылығы күшейген. Бұл әсіресе балаларға ауыр тиіп, күн сайын аштықтан көз жұматындардың қатары артуда.
2,3 миллион халқы бар Газадағы қақтығыстар мен көшіруге мәжбүрлеу салдарынан 2 миллионға жуық адам үйлерін тастап шыққан. Көбісі уақытша тігілген шатырларда немесе лық толы мектептерде тұрып жатыр. Онда санитарлық жағдай жоқтың қасы, жұқпалы аурулар тез тарап барады.
Израиль армиясы күн сайын азаматтық нысандарға, қоныс аударғандардың шатырларына соққы беріп келеді.
Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильді "аштық пен шөлді қару ретінде пайдаланып отыр" деп айыптап, әлемдік қауымдастықты дереу араласуға және блокаданы тоқтатуға шақырып отыр.