Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Газа ісі бойынша соттың қорытынды отырысы Стамбулда өтеді

19 Қазан 2025, 07:05
536
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

23-26 қазан аралығында Ыстамбұлда Газа секторында Израиль жасаған соғыс қылмыстары мен адам құқықтарын бұзу деректерін зерттейтін Гаага трибуналының соңғы отырысы өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл тәуелсіз және жаһандық бастама ретінде құрылған трибуналдың төрт күндік тыңдауларында куәгерлердің айғақтары тыңдалып, халықаралық сарапшылар құқықтық баға береді.

Гаага трибуналының алғашқы отырысы Лондонда, ал алғашқы жалпы жиыны Сараевода өткен болатын. Қорытынды кезеңді БҰҰ-ның бұрынғы Палестина жөніндегі баяндаушысы профессор Ричард Фальк басқарады. Отырыстар Стамбұл университетінің профессор Джемиль Бирсель атындағы конференц-залында өтеді.

Соттың басты мақсаты - Газа аймағындағы бейбіт халыққа қарсы жасалған қырғындарды құжаттау, халықаралық қоғамдастықтың назарын аудару және кінәлілерді әшкерелеу. Тыңдауға ғалымдар, журналистер, дәрігерлер және қақтығыстан аман қалған палестиналық куәгерлер қатысады.

Соттың ұйымдастыру комитетінің құрамына Ричард Фальктен бөлек БҰҰ-ның бұрынғы баяндамашылары Майкл Линк пен Хилал Эльвер, құқық қорғаушылар Пенни Грин, Ахмет Кёроғлу, Джамал Джума, заңгерлер Раджи Сурани, Крейг Мохибер, Весам Ахмед және Лара Эльборно кіреді.

Сондай-ақ сотқа француз журналисі және жазушысы Кениз Мурад, малайзиялық саясаттанушы д-р Чандра Музаффар, палестиналық ғалым Гада Карми, Кенияның бұрынғы Конституциялық сот төрағасы Вилли Мутунга, халықаралық құқық профессоры Кристин Чинкин және басқа да қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысады.

Сот процесімен қатар Газа халқының трагедиясына назар аударту мақсатында түрлі мәдени және ақпараттық шаралар ұйымдастырылады. Барлық куәліктер мен дәлелдер қаралған соң, 26 қазан күні трибунал өз шешімін жариялайды.
Газа бойынша Гаага трибуналы — азаматтық қоғамды Палестинадағы жағдайға жауапкершілікпен қарауға және әділдік пен бейбітшілік идеясын қолдауға шақыратын тәуелсіз халықаралық бастама.

Өзгелердің жаңалығы