Газ орнатылған 700-ге жуық көлік жауапкершілікке тартылды

5 Қыркүйек 2023, 19:01
851
Бөлісу:
Газ орнатылған 700-ге жуық көлік жауапкершілікке тартылды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Газ баллон жабдықтары орнатылған автокөліктердің 670-тен астам иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Газ баллон жабдықтарымен жарақтандырылған көлік құралдарын пайдалану және тұраққа қою саласындағы заңнама нормаларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп үш күндік "ГАЗ БАЛЛОН" профилактикалық іс-шарасын өткізді.

Полиция, Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері, көліктік бақылау инспекциясы мен жұртшылық өкілдері арасынан біріккен мобильді топтар құрылып, еліміздің жолдарында және көлік тұрақтарында рейд жүргізді.

Барлығы 600-ден астам рейд жүргізіліп, нәтижесінде 679 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Профилактикалық іс-шара барысында 10 мыңнан астам адамға және тікелей 6 мыңнан астам жүргізушіге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жанармай құю бекеттерінде газ-баллон жабдықтарын қауіпсіз пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету талаптары түсіндіріліп, сонымен қатар тұрмыстық газ баллондарын толтыруға жол бермеу жұмыстары жүргізілді, - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес өзге мақсаттағы кіріктірілген және оларға жапсарлас салынған ғимараттарда, сондай-ақ жер деңгейінен төмен орналасқан автотұрақтар мен жабық үлгідегі үй-жайлар мен паркингтерде газ баллон жабдығымен жарақтандырылған автомобильдердің тұрағына жол берілмейді.

Өзгелердің жаңалығы