Энергетика министрлігі тұтынушылармен кері байланысты жеңілдетуге бағытталған заманауи цифрлық сервистерді іске қосты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
QazaqGaz Aimaq мобильді қосымшасы - ең алдымен тұрмыстық тұтынушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Қосымшаның басты артықшылығы – газ есептегіштің көрсеткішін фото арқылы автоматты түрде тану мүмкіндігі.
Сонымен қатар қосымшада тұтыну көлемі мен төлемдер тарихын қарау, есептегішті тексеру мерзімі туралы ақпарат алу және жоспарлы техникалық жұмыстар жөнінде хабарлама алу мүмкіндігі бар.
Бүгінде сервисті жарты миллионнан астам адам жүктеп алған. Оның көмегімен 200 мыңнан аса есептегіш көрсеткіші жолданған. Бұл цифрлық құралға деген сұраныстың жоғары екенін көрсетеді, - деп мәлімдейді министрлік.
Сондай-ақ министрлік мәліметінше қосымша аясында виртуалды AI-кеңесші жабық тестілеуден өтуде. Жасанды интеллектке негізделген бұл цифрлық көмекші табиғи газ тұтынушыларының сұрақтарына тәулік бойы жауап беруге мүмкіндік береді.
Бұған дейін компанияның колл-орталығы тек жұмыс уақытында ғана қызмет көрсетіп келген. Алайда газбен жабдықтау мәселелері кез келген уақытта туындауы мүмкін. Демалыс немесе мереке күндері де тұрғындарға жедел кеңес қажет болатын жағдайлар кездеседі. Осы олқылықтың орнын AI-кеңесші толтырмақ, - делінген хабарламада.
Виртуалды көмекші газбен жабдықтау саласына қатысты нақты бағытта жұмыс істейді. Пайдаланушы қажетті мәліметті ұзақ іздемей, бірнеше минут ішінде ала алады. Бұл азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал етеді.