Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ана кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығының құрылысы басталды.
Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі хабарлады.
Гауһар ана кесенесіне келушілерге арналған сапар орталығы 1,25 га аумақты қамтиды. Құрылыс аумағы - 683,68 шаршы метр, көгалдандыру аумағы - 8758,27 метр.
Гауһар ана кесенесіне келушілер мен туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған сапар орталығында ақпараттық орталық, қонақ үй, автотұрақ қарастырылған. Құрылыс мерзімі 6 айға жоспарланған.
Гауһар ана кесенесі - Түркістан қаласынан оңтүстікке қарай 4 шақырым жерде, Түркістан-Шәуілдір тас жолынан солға қарай 400-500 метр қашықтықта орналасқан.
ХІІ ғасырда өмір сүрген ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің қызы Гауһар ананың кесенесі тарихи архитектуралық құнды ескерткіштердің бірі ретінде «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тізіміне алынған. Гауһар ана кесенесіне зияраттап келушілердің қатары мол. Қасиетті де тарихи орынға тек Қазақстан ғана емес Өзбекстан, Түркия,Қырғызстан сынды көптеген елден туристер келіп, әзіз ананың басына тағзым етеді.