Ғашықтар күніне орай "Қыз Жібек" үлкен экранға қайта оралды

14 Сәуір 2024, 18:02
706
Бөлісу:
Ғашықтар күніне орай "Қыз Жібек" үлкен экранға қайта оралды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда Қазақстандағы ғашықтар күніне орай, «Қазақфильм» киностудиясының аңызға айналған кино туындысы көпшілік көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қыз-Жібек» – қазақ фольклоры мен кинематографиясының інжу-маржаны. Тарихи фильмнің тұсаукесері 1972 жылы «Қазақфильм» киностудиясында өтті. Жарты ғасырдан кейін қазақ режиссері Сұлтан-Ахмет Қожықовтың туындысы үлкен экранға қайта оралды.

Көрсетілімге басты рөлдерді сомдаған ҚР еңбек сіңірген актерлері Меруерт Өтекешева мен Асанәлі Әшімов, кино және театр майталмандары қатысты.

Актриса Меруерт Өтекешеваның айтуынша, «Қыз-Жібек» фильмін әр адам көруі керек, өйткені аты аңызға айналған фильмді Қазақстан өнер тарихында өшпес із қалдырған мәдениет қайраткерлері түсірді.

Сонша жылдан кейін «Қыз-Жібек» фильмін кинотеатрларда көруге болатыны қуантады. Бір кездері фильм көптің жүрегін жаулап алған еді және менің ойымша, бүгінгі ұрпақ та оны бағалайды, – деді ол.

Айта кетейік, прокаттан түскен барлық қаражат су тасқынынан зардап шеккендерге жіберіледі.

Біз жас ұрпақтың қазақстандық өнерге деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, ортақ іске де өз үлесімізді қосқымыз келді. Сол себепті кино көрсетілімінен түскен барлық қаражат қайырымдылыққа жіберіледі, – деді Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясының президенті Азамат Сатыбалды.

«Қыз-Жібек» қазақ халқының мәдени мұрасының бір бөлігі екенін және бүгінге дейін көрермен өз тарихынан тағылым алып келе жатқанын тілге тиек өтті.

Фильмді бес күн бойы Қазақстандағы Kinopark Theatres кинотеатрларынан көруге болады.

Өзгелердің жаңалығы