«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ ғалымдары Атырау облысындағы аймақтық маңызы бар жолдардың құрылысында жергілікті материалдарды пайдаланудың жаңа технологиясын қолданатын болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сондай-ақ жол төсемінің табиғи беріктігін арттыру үшін жергілікті климаттық жағдайлар мен жер қыртысының құрылымы да назарға алынады.
Бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Атырау облысына іс-сапармен барған кезде шалғайдағы елдімекен тұрғындары жолдың сын көтермейтіні туралы арыз-шағымын жеткізген болатын.
Атап айтқанда, Азғыр өңіріндегі жергілікті маңызы бар жолдың ахуалы төңірегінде сөз қозғаған азаматтар министрге жолдың сапалы салынуы үшін тиісті шара қабылдау қажеттігін тапсырған еді. Қайырбек Айтбайұлы аталған мәселені жеке бақылауына алатынын айтып, ғалымдармен бірлесе ғылыми тұрғыда климаттық ерекшелікті ескере отырып, жол салу технологиясын қайта қарайтынын уәде еткен.