Алматы, BAQ.KZ. Әлемдегі ең кедей елдің бірі болып саналатын Гаитиде минералға бай балшық күнделікті тамақтың бір түріне айналған. Бұл туралы 24kz сайты хабарлады.
Жергілікті тұрғындар саз-балшыққа тұз бен май араластырып қытырлақ печеньеге ұқсас тағам жасайды. Тіпті оны дайындайтын арнайы орындар да бар. Балшықты тамақ ретінде пайдаланатындар – негізінен тұрмысы төмен отбасылар.
«Менің күріш сатып алуға мүмкіндігім жоқ. Сондықтан осы балшықтан жасалған тағамды жеймін. Бір келі күріш АҚШ долларымен санағанда 60 цент тұрады. Мұндай ақша бізде қайдан болсын», - дейді ел тұрғыны Моника Рема.
Ал БҰҰ мәліметіне қарағанда Гаитиде 5 миллионға жуық адам ашқұрсақ жүр. Бұл – елдегі халқының тең жартысы. Соңғы үш жылда мемлекетте инфляция шарықтап, азық-түлік бағасы қымбаттаған. Салдарынан билікке қарсы наразылық шаралары да жиіледі.