Оңтүстік Африка Республикасында өткен G20 саммитіне Владимир Путин, Дональд Трамп және Си Цзиньпиннің қатыспауы бұл форматтың қазіргі геосаяси жағдайда қаншалықты өзекті екеніне қатысты сұрақтарды күшейтті. Әлемдік державалар арасындағы сенім дағдарысы тереңдеп, көпжақты дипломатияның маңызы әлсіреп тұрған тұста G20 бұрынғыдай ықпалды алаң бола алмай отыр. BAQ.KZ тілшісі G20 саммитінің рөлі мен ықпалы туралы халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Таир Нигмановтан сұрап көрді.
G20: ұйым емес, пікір алмасу форумы
Сарапшының айтуынша, бұл форматтың өзі міндетті шешім қабылдайтын ұйым емес, тек пікір алмасуға арналған платформа ғана. Қатысушы елдердің саяси ұстанымдары арасындағы алшақтық өскен сайын, ортақ мәмілеге келу мүмкіндігі де төмендей түсуде. Сондықтан биылғы саммитке жетекші елдердің қатыспауы G20-ның рөлі мен болашағына қатысты күмәнді одан сайын күшейтті.
Алдымен мынаны айта кетейік: G20 – НАТО, Еуропалық одақ немесе тіпті Бразилияның экономикалық одағы секілді қатаң халықаралық ұйым емес. G20 – бұл әлемнің ең дамыған 20 экономикасының көшбасшылары белгілі бір кезеңдерде кездесіп, өзекті мәселелерді талқылайтын диалог алаңы ғана. Яғни G20-ның өзі қандай да бір қуатты, халықаралық саясатқа тікелей ықпал ете алатын құрылым емес. Бұл – халықаралық деңгейдегі пікір алмасу алаңы: жиналды, сөйлесті, мәселелерді талқылады, тарқасты, – деп атап өтті сыртқы саясат маманы.
Сондықтан бұл алаң әлсіреп бара жатыр ма, әлде керісінше күшейіп жатыр ма деп нақты айту қиын деп отыр.
Себебі G20-ның артында орындалуы міндетті құқықтық тетіктер жоқ. Мысалы, елдер кездесіп, қандай да бір келісім қабылдаса да, оның орындалуын талап ететін міндетті халықаралық норма немесе орындамағандарға санкция қарастырылған жүйе жоқ. Сондықтан G20-ға аса салмақты, шешуші рөл берудің өзі орынсыз, – дейді ол.
Путин, Трамп және Си Цзиньпин неліктен саммитке бармады?
Сарапшының пайымдауынша, Путин, Трамп және Си Цзиньпиннің ОАР-дағы саммитке бармағанына келсек, әрқайсысында өз себебі бар.
Владимир Путин соңғы бес жылда G20 жиындарына қатыспай келеді. Оның орнына сыртқы істер министрін немесе басқа өкілді жібереді. Ресейдің бұл қадамы G20-ны саяси салмағы бар алаң ретінде қабылдамайтынын көрсетеді. Бұл оның жалпы халықаралық форумдарға қатысты өзгерген ұстанымымен де байланысты, – деп түсіндірді сарапшы.
Ал Дональд Трамп үшін қандай да бір халықаралық ұйымға қатысу – орталық мәні бар мәселе емес. Ол баяғыдан бері БҰҰ, Транс-Тынық мұхиты серіктестігі, трансатлантикалық экономикалық платформалар сияқты құрылымдарға күмәнмен қарайды.
Трамп үшін саясат – жеке тұлғалардың диалогы. Ол көпжақты ұйымдарға емес, тікелей, екіжақты келіссөздерге сенеді.
Ол әрқашан жеке харизма мен жеке келіссөздер форматына сүйенгенді жөн көреді. Бірінші президенттік мерзімінен-ақ БҰҰ-ға да, Транс-Тынық мұхиты серіктестік ұйымдарына да, Атлантикалық әріптестік платформаларына да сенімсіздік танытқан. Трамп – оқшаулаушылық саясатын жақтаушы. Ол халықаралық ұйымдарды көбіне «пайдасы шамалы» деп санайды және мәселелерді екіжақты форматта шешу әлдеқайда тиімді деп есептейді, – дейді сыртқы саясат маманы.
Еуропалық елдермен қарым-қатынаста да ол сол әдісті қолданды: кіммен сөйлескісі келсе, соны алдына отырғызып, өз ойларын тікелей жеткізетін. Сондықтан оның G20-ға басынан-ақ барғысы келмегені таңғаларлық емес деп отыр.
Сонымен бірге оның Оңтүстік Африка Республикасының ішкі саясатына қатысты сын-ескертпелері бар. Ақ үйде өткен кездесуде Трамп ОАР билігі ақ нәсілділерді кемсітуге жол беріп отыр деген видеоларды көрсеткен болатын. Сондықтан оның бұл елде өтетін саммитке мүлде барғысы келмегені түсінікті. Тіпті АҚШ-тың саммитке ешқандай делегация жібермейтіні жөнінде мәлімдеме жасалды, – дейді ол.
Си Цзиньпин: Қытай үшін әр сапар – саяси оқиға
Қытайдың ұстанымы да Ресейге ұқсайды. Бейжің үшін Си Цзиньпиннің әр сапары – үлкен саяси символизм. Сондықтан Қытай билігі төраға қатысатын форматтарды мұқият таңдайды.
Олардың ойынша, G20 – Си Цзиньпин деңгейінде қатысатын алаң емес. Оның орнына Мемлекеттік кеңес премьері Ли Цянның қатысуы жеткілікті деп саналды. Си Цзиньпиннің орнына Ли Цянның баруы – Қытай үшін барынша жеткілікті деңгейдегі қатысу. Ли Цян – Мемлекеттік кеңестің премьері, өте жоғары лауазымды тұлға, ықпалды саясаткер. Қытай Си Цзиньпиннің кез келген халықаралық сапарын өте мұқият жоспарлайды, әрбір сапарды үлкен саяси оқиға деп бағалайды.
Сол себепті Қытай үшін Си Цзиньпиннің дәл G20 үшін жолға шығуы артық деп есептелген сияқты. Яғни Қытай басшылығы G20 саммитін төрағаның жеке қатысуын талап ететіндей деңгейдегі оқиға деп санамайды, – деп түсіндірді сарапшы.
Жаңа геосаяси жағдайда G20 неге өзектілігін жоғалтуда?
G20 құрамына кіретін мемлекеттер – саяси бағдарлары, геосаяси көзқарастары мен сыртқы саясаттағы бағыттары мүлдем әртүрлі елдер. Сарапшының пікірінше, АҚШ, ЕО, Қытай, Ресей секілді күш орталықтары бір-бірімен ашық қарсы тұрып отырған шақта, ортақ үстел басында келісім табу барған сайын қиындап барады.
Соңғы жылдары мемлекеттер арасындағы диалог әлсіреді. Бұл тек Ресей мен Батыс арасындағы тартыс емес. Мысалы, жақында Франция президенті Эммануэль Макрон Қытайға жеке өзі барды, ал бұрын мұндай сапарлар көпжақты, өкілдік форматта өтетін. Бұл үрдіс – халықаралық сенім деңгейінің төмендегенінің айқын белгісі.
Мандаты шектеулі форматтың әлсіреуі заңды
Сыртқы саясат маманының мәлімдеуінше, G20-ның негізгі проблемасы – оның өз міндеттемесі жоқ, шынайы шешім қабылдай алмайтын алаң болуы. Мұндай платформа дағдарыс кезеңінде бірінші болып әлсірейді. Елдер арасында сенім жоқ кезде, жалпы келіссөз мәдениеті құлдырағанда, тиімділігі төмен алаңдар ең қатты соққы алады.
Қазіргі жағдайда осы елдердің өкілдері бір үстелдің басында бірге отырудың өзіне құлықсыз болып отыр. Бұл, ең алдымен, Ресей мен Еуропа елдеріне қатысты, бірақ мәселе бұдан да кең. Мысалы, осы аптада Франция президенті Эммануэль Макрон Қытайға сапар жасады. Бұл жолы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен секілді еуропалық басшылар бірге бармады. Бұрын олар көп болып баратын. Қазір тек Макрон барды. Бұл – мемлекеттер арасындағы диалогқа деген ынтаның төмендеп бара жатқанын көрсетеді, – деді Таир Нигманов.
Осылайша, жалпы әлемдік қайшылықтар, сенімсіздік пен түсініспеушіліктер күшейген кезеңде, өздігінен шешуші рөл атқармайтын G20 секілді алаңдар ең бірінші болып әлсірейді.
G20 – дағдарысқа бейім платформа
Сарапшының тұжырымына сүйенсек, қазіргі геосаяси ахуал, жетекші державалар арасындағы келіспеушіліктер, диалогтың азаюы, көпжақты дипломатияның әлсіреуі – G20-ға қатты әсер етті.
Бұл формат ешқашан міндетті шешім қабылдайтын ұйым болмағандықтан, оның рөлі қазіргі жағдайда тіпті төмендеп отыр. Күш орталықтары бір-бірімен бәсекелесіп, сенімге негізделген көпжақты саясат күйреп жатқан кезеңде, G20 секілді әлсіз институционалды алаңдар өз мәнін жоғалтатыны анық.