G20 елдері АҚШ-тың сауда саясатына қарсы коалиция құруы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, G20 құрамындағы бірқатар елдердің қаржы министрлері АҚШ-тың бір мезетте бірнеше сауда соғысын жүргізу мүмкіндігінің шектеулі екенін атап өтті.
Министрлердің пікірінше, Вашингтонның келіссөздердегі позициясы әлсірей бастаған. Бұл жағдай АҚШ-тың қазіргі сауда саясатына қарсы тұру үшін болашақта кең ауқымды халықаралық коалиция құру қажеттілігін айқындауы мүмкін.
Bloomberg журналисі G20 елдерінің министрлерімен сұхбат барысында: "Егер АҚШ енді жаһандық ашық сауда жүйесіне қызығушылық танытпаса, қалған елдер онсыз да жалғастырады", – деген ойды жиі естігенін айтады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдік тауарларға салынатын жоғары импорттық баж салығын 1 тамызға дейін уақытша тоқтатып, осы мерзімнен кейін кейбір елдерге тарифті арттыру туралы ескерту жолдаған болатын. Ескерту жолданған елдердің қатарында Қазақстан да бар.