Ертең елордада футболдан «Super Bol» жобасының финалдық ойыны өтеді . «Жеңіс» футбол клубы және арнайы іріктеуден өткен жас футболшылар сынға түседі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
«Super Bol» жобасы елімізде алғаш өткізілейін деп отыр. Ол биыл маусым айында басталды. Ертең бізде ақтық, маңызды ойын болады. Іріктеліп алынған жас футболистер екі жарым ай бойы дайындалды, – деді «Super Bol» жобасының бас менеджері Давид Лория.
Оның айтуынша, жас футболистердің қабілетін арнайы 8 скаут қадағалады.
Кастинг нәтижесінде футбол ойнау қабілеті бар деген 132 үміткер анықталды. Оның ішінде үздік деген 25 жас футболисті таңдап алып, олар Талғардағы арнайы базада дайындық өткізді, - деді Давид Лория елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Super Bol» жобасында 6 мыңнан астам үміткер бақ сынаған. Кастингке 15-25 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады.
Сондай-ақ іріктеу Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей, Павлодар, Ақтау, Ақтөбе және Тараз қалаларында өткізілді.
Еске салайық, «Super Bol» жобасының ақтық ойыны ертең елордадағы «Астана Арена» стадионында кешкі сағат 20:00-де басталады.