Қарағандыда көпбалалы аналарға фрилансер мектебі ашылады

23 Ақпан 2019, 15:22
2467
Бөлісу:
Қарағандыда көпбалалы аналарға фрилансер мектебі ашылады

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандылық көпбалалы аналар осы жылдың 1 маусымынан бастап қала ішіндегі автобустарда тегін жүреді. Көпбалалы аналарға көрсетілетін басқа да көмектер жайлы облыс басшысы Ерлан Қошанов айтты.

Облыс әкімі халықтың аз қамтылған әлеуметтік санаты мен көпбалалы аналардың жағдайын жақсарту үшін аймақта 10 нақты қадам жасау жайлы шешім қабылданғанын мәлімдеді.

«Бүгінгі күндегі ең маңызды мәселе – көпбалалы отбасыларды қолдау. Бұл біздің басты міндетіміз. Осы мәселені жан-жақты зерттедік. «Жұмақтың кілті ананың табанының астында» дегендей аналарымызды құрметтеп, тиісті жағдай жасап, әрі қарай да қолдайтын боламыз. Қарағандыда және облысымыздың басқа да өңірлерінде көпбалалы аналармен кездесулер өткізілді. Ешкімге ешқандай шектеу қойылған жоқ. Есік барлық анаға ашық болды. Олар өз ойларын еркін білдірді. Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша барлық ұсынысты Үкімет жанынан құрылған арнайы жұмыс тобына жолдадық. Сондай-ақ, біз өз деңгейімізде шеше алатын мәселелер бар», - деді Ерлан Жақанұлы.

Елбасының тапсырмасын орындау аясында облыс бюджетінің барлық мүмкіндігін зерделей келе, мемлекеттік қолдау шараларының ауқымын кеңейту жөнінде шешім қабылданғанын айтқан аймақ басшысы көпбалалы отбасылар мен халықтың аз қамтылған санатына қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетініне тоқталды.

«Біріншіден, 1 маусымнан бастап көпбалалы аналар қалалық қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Екіншіден, төрт және одан да көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардың 1-4 сынып аралығында оқитын балалар мектепте тегін тамақтанатын болады. Үшіншіден, көпбалалы отбасылардың балаларына балабақша төлеміне 50% жеңілдік беріледі. Төртіншіден, ата-аналар жұмыс істеп, балалары үшін алаңдамас үшін мектептерде тегін ұзартылған топтар жұмыс істейтін болады. Бесіншіден, колледждерде заманауи және нарыққа қажетті мамандықтарда білім алулары үшін мемлекет бюджетінен 5,5 млрд теңге бөлінеді, бұл 8 мыңнан астам грант беруге мүмкіндік береді. Алтыншыдан, көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың музыка және көркемөнер мектептеріне, спорт секцияларына тегін баруларына жағдай жасалады. Жетіншіден, жеке кәсіппен айналысқысы келетін көпбалалы аналарға өз ісін ашу үшін 200 грант беру жоспарланған. Сондай-ақ, олардың бизнесті бастауына көмек беретін жаңа бизнес-инкубатор құрылады. Сегізіншіден, көпбалалы аналарға үйден шықпастан қалай табыс табуға болатынын үйрететін фрилансер мектебі ашылады. Фрилансерлер мектебінде сабақтар тегін өткізіледі. Тоғызыншыдан, көпбалалы отбасылардың бүлдіршіндеріне лагерлерге тегін жолдама беру қарастырылады. Оныншы, отбасын қолдау орталығы ашылады, онда мамандар мен психологтар кеңес береді», - деді Е.Қошанов.

Айта кетейік, «7-20-25» бағдарламасы аясында аймақта алдағы үш жылда 3500-ге тарта пәтер салынғанын жазған болатынбыз.

Жібек Мұқашева

Өзгелердің жаңалығы